Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Шымкентте балаларын үтікпен күйдірген әйел 5 жылға сотталды

Фото: Еlitar.kz
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өз балаларын аяусыз қорлады деп айыпталған 30 жастағы Гүлмира Эргешоваға үкім шығарды. Сот оны бес жыл үш ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сот материалдары бойынша, әйел кәмелетке толмаған балаларын жүйелі түрде ұрып-соғып, оларға физикалық және психологиялық зорлық көрсеткен.

Тергеу барысында айыпталушының балаларды жазалаудың аса қатыгез тәсілдерін қолданғаны анықталған.

Атап айтқанда, ол туған ұлын ұрып, денесіне жарақат салған. Кейін шанышқыны қыздырып, баланың аузын күйдірген. Сонымен қатар қыздырылған үтікпен ұлының бетін, қызының ішін күйдіргені белгілі болды. Бұдан бөлек, балаларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлеп, тұншықтырған. Балалардың шашын тақырлап алып, психологиялық қысым көрсеткен, — делінген хабарламада.

Сот барысында Гүлмира Эргешова өзінің әрекеттерін енесімен және күйеуімен ұзақ жылдарға созылған жанжалдармен байланыстырған. Оның айтуынша, отбасы балаларға рәсімделген мемлекеттік жәрдемақы есебінен күн көрген.

Сотталушы балаларды шетелде жұмыс істеп жүрген күйеуіне және енесіне қайтармауды сұрап, олардың мемлекет қамқорлығында қалғанын қалайтынын айтқан.

Сот Гүлмира Эргешованы кінәлі деп танып, бес жыл үш ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Exit mobile version