Жетістіктері туралы
Ең үлкен жетістігім ретінде Джузеппе Вердидің «Травиата» операсындағы ең күрделі рөл — Виолеттаны 15-тен астам қойылымдарда ойнап шыққанымды айта аламын. Мен Италия, Бельгия, Австрия, Қытай, Үндістан елдеріндегі ең танымал сахналарда өнер көрсетемін. Жұмыс кестем 2020 жылға дейін жазылған. Маған осындай ырғақпен өмір сүрген ұнайды.
Көбінесе, классикалық қойылымдағы опералар ұнайды. Онда сапалы ән айтылады, опера жазылған уақытта киілген киімдер болады. Бірақ заманауи қойылымдар да жаман емес.
Қазақстанда опера өнері жақсы дамып келеді. «Астана Опера» театрының салынуы еліміздегі опера өнерінің дамуына үлкен серпін берді. Қазір онда небір қойылымдар қойылып жатыр. Көрермен қатары да күн санап артып келеді. Енді сол қойылымдарды Қазақстанның басқа қалаларында да, әлемнің алдыңғы қатарлы сахналарында да көрсетуіміз керек.
Қазіргі уақытта әртістер арнайы агенттікпен жұмыс істейді. Агенттіктердің міндеті — әртіске жұмыс тауып беру болса, әртістердің мақсаты — театрда сұранысқа ие болу.
Мен де әлемдегі ең танымал агенттікпен жұмыс істеймін. Онда қоржынында үлкен тәжірибесі бар әнші болып келдім. Себебі оған дейін бірнеше опера театрларында ойнадым, көптеген сыншылар менің жұмысыма жақсы деген бағаларын берді.
Сондықтан, жас опера әншілеріне қиындықтан қорықпауға кеңес беремін. Әнді әдемі қылып айта білсеңдер, дауыстарың жағымды болса, музыкалық қабілеттеріңді дамытып, алға қарай жүріңдер. Кәсіби әншілердің қатары көбейген сайын, бізді тыңдаушылар да арта түседі.
Имиджі мен сүйікті тағамдары туралы
Шынымды айтсам, ешқашан имиджім туралы ойламаппын. Спортпен күн сайын айналыссам — ол жұмысымның, сахнаның талабы.
Жерорта теңізінің асханасы қатты ұнайды. Себебі, пайдалы әрі жеңіл. Бірақ қандай да бір елде гастрольдік сапарда болсам, міндетті түрде сол елдің ұлттық тағамының дәмін көремін.
Тәтті тағамдарды да ұнатамын, бірақ шоколадты аз жеймін.
Иесіз мысықтар мен қайырымдылық туралы
Жануарларды қатты жақсы көремін. Қазір Миландағы үйімде парсы мысығы бар. Оны Павлодардан алып келгенбіз. Мысығым кейбір қойылымдарда менімен бірге сахнаға шығып, көрермендерді қуантып қояды.
Иесіз жануарларға көмектесіп, соларға арналған қайырымдылық жобаларына қатысқым келеді. Қазір бір иесіз мысықты асырап жүрмін. Ол академияда тұрады. Мен онда маэстромен жұмыс істеуге барып тұрамын.
Италия мен Қазақстан туралы
10 жасымнан бері Италияда тұрамын. Мектепті де, университетті де осында оқыдым. Осы жерде кәсіби маман, жеке тұлға болып қалыптастым.
Менің ойымша, итальяндықтар мен қазақстандықтар бір-біріне ұқсайды: екеуі де қарапайым, адамдармен тез тіл табысады. Айырмашылықтары да бар: өмір сүру образы, тамағы, мәдениеті өзгеше. Алайда мен екі елді бірдей жақсы көремін.
Бала кезімде Карло Гайфой мен Бьанкамария Казони сынды педагогтардан білім алдым. Олар маған опера әнін қалай айту керек екенін үйретті, мамандығыма деген махаббатымды оятты.
Өкінішке орай, әлде бақытыма орай ма, менің барлық бос уақытым опера өнеріне арналған. Сондықтан, әзірге жоспарымда тұрмыс құру жоқ.
Ата-анасы туралы
Ата-анамды өте қатты жақсы көремін! Анам үнемі жанымда, әкем Павлодарда тұрады. Алайда, онымен әлемнің әрбір бұрышында жиі кездесіп тұрамыз.
Анам туралы көп нәрсе айтуға болады. Қысқаша айтсам, мен 22 жасымда қандай жетістіктерге жетіп, әлемге танымал әнші болсам, оның барлығы — менің әдемі, әділ, мейірімді, жігерлі анашымның арқасы.
Қазақстанда мені кішкентай Маша ретінде ғана емес, танымалы опера әншісі ретінде таниды деп ойлаймын. Себебі, «Астана Опера» театрының да әншісімін. Бірнеше рет отандастарымның алдында өнер көрсеттім. Алайда Қазақстанда жиі бола бермеймін. Басқа елдерде өнер көрсеткен кезде, афишаға менің есіміммен бірге «Қазақстан» деп жазып қояды. Осылайша, өз елімнің атын шығарып жүргенім — мен үшін зор қуаныш!
Сұхбаттасқан: Әлия Далабаева