Мазмұнға өту
Басты бет / Білім /

Қарапайым өмір сүруді кімнен үйрену керек?

Фото: Жасанды интеллект
Әлеуметтік желіде «табысты арттыру сыры», «өміріңді өзгерт», «бай болудың құпиясы» деген сарында ақыл айтатын коуч, психологтар көбейді. Әдемі парақша пен контент сапалы білім кепілі емес. Кейбірі расымен білікті маман болса, енді бірі желіде «мінсіз өміріне» оқырманды қызықтырып, қымбат курс сатып жатыр.
Baribar.kz білікті, кәсіби коуч пен жалған коучтың ара-жігін қалай ажыратуға болатынын және тоқтаусыз курс, дүние сатып алмай-ақ сапалы өмір сүру сырын анықтап көрді.

Психолог 20 жыл бұрынғы диплом деңгейінде қалмауға тиіс

Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың сөзіне қарағанда, жоғары оқу орнының дипломы бар психологтың бәрі – маман. Дегенмен диплом алған маман білімін жетілдіру үшін тұрақты түрде трениңдерге барып, өзін дамытуға көңіл бөле ме, соған мән беру керек.

Мысалы, мен Уашиңтон қаласында өткен халықаралық психологтар конференциясына қатыстым. Іс-шараға қатысу шарты бойынша, психологтардың тек дипломы болса, болды. Әр штаттың талабына сәйкес, психолог лицензия алуға тиіс. Лицензиясы бар психолог жыл сайын тұрақты курстарға қатысуға міндетті. Демек, 20 жыл бұрынғы диплом деңгейінде қалмай, ілгерілеп, дамуы керек, — дейді Ержан Мырзабаев.

Әлжеліде тауар мен курс сатқан адам көп

Қазір әлжеліде өнім, тауар мен курсты мықты сататындар біраз. Тоқтаусыз дүние мен курс сатып алудың пайдасы емес, зияны көп болуы мүмкін. Жұрт коучтардың курсын сатып алып, әлеуметтік желідегідей мінсіз өмір сүруге ұмтылады. Курс оқу үшін несие алатындар да аз емес. Мысалы, 2025 жылы Қазақстан халқына жалпы 24,8 триллион теңге несие берілген. Курс, ақпарат ағыны шамадан тыс көп болса, адам негізгі мақсатынан алыстайды. Сонымен қатар қарыз бен несие – өмір сапасына кері әсер етері анық.

Стив Жобс бай болса да, қарапайым киінген

Сапалы, қарапайым әрі бай-қуатты өмір сүру үшін қайта оралмайтын негізгі ресурстарды, уақыт пен күш-қуатты бағалап, ақшаны ұтымды жұмсаған жөн. Мысалы, америкалық кәсіпкер, өнертапқыш, Apple компаниясының негізін қалағандардың бірі Стив Жобс бай болса да, қарапайым қара жиде, көк шалбар киетін.

Сән жыл сайын жаңарады. Дегенмен кәсіпкердің ойынша, сәнге ермей, қымбат киім алуға алаңдамау адамның уақытын тиімді пайдаланып, ойын жинақтауға ықпал етеді. Ол күш-қуатын киім таңдауға қарағанда жұмыс өнімділігін арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жұмсайды. Стив Жобстың бұл таңдауы — ысыраптан бойын аулақ ұстап, қарапайым өмір сүргеніне дәлел.

IKEA-ның негізін қалаған Ингвар Кампрад эконом-класпен ұшатын

IKEA деген жиһаз компаниясының негізін қалаған швед кәсіпкері Ингвар Кампрад сапарға шыққанда эконом-класпен ұшатын. Бұл жайлы ол естелік қолжазбасы мен сұхбаттарында айтқан. Кәсіпкер үшін арзан қонақүйге тұрақтап, ескі Volvo көлігін мініп, базар жабылуға таяғанда жеңілдікпен тұрған азық-түлік сатып алып, ақша үнемдеу қалыпты жағдай еді. The New York Times басылымының жазуына қарағанда, бірнеше жылдан кейін Ингвар Кампрадтың қарапайым өмір салты нәтижелі болды. Ол Porsche көлігі мен Женева көлінің жағасынан зәулім вилла сатып алған еді.

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, кейінгі жылдары интернеттегі жарнамаға толы ақпарат кеңістігі салдарынан жұрттың ықпалды адамдарға сенімі сетінеген. Оның ішінде сатумен айналысатын кез келген маман, тіпті коучтар мен психологтар да бар. Сарапшылардың пікірінше, мұндайда сенімге ие, танымал брендтердің құны артады. Демек, жалған коучтар көбейген шақта жұрт тек тәжірибесі мол, кәсіби білімі дәлелденген мамандарға сенім артады.