Биылғы байқауға 14 аудан мен 2 қаладан 33 отбасы қатысуға өтініш білдіріпті. Бүгінгі күні облыста 5 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Сонымен бірге, 8 мыңнан астам көп балалы ана тіркелген, олардың ішінде «Алқа алқа», «Күміс алқа» игерлері бар. Оған қоса, Қаһарман ана атағына лайық деп танылған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар да бар.
Еске сала кетейік, 2014-2016 жылдар аралығында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының ақтық кезеңінде Ақмола облысының атынан Ақкөл ауданынан Мұқашевтар, Көкшетау қаласынан Кәкпеновтер және Бұланды ауданынан Әкімбаевтар отбасылары қатысып, Гран При жүлдесіне ие болған еді.
Осы жолы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Бұланды ауданынан келген Қалиевтер мен Целиноград ауданынан келген Қуандықовтар отбасылары жеңімпаз атанып, олардың әрқайысына 250 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындарға зеренділік Баймақановтар мен сандықтаулық Хамзатхановтар отбасылары лайық деп танылды. Жеңімпаздар Қалиевтер мен Қуандықовтар отбасы республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.