«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорт көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі аталған бағытта шаралар кешенін іске асыруда. Мәселен, ҚР Үкіметі мен Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) арасында ынтымақтастық бағдарламасы туралы келісімге қол қойылды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде, 2017 жылдың 25 мамырында Парижде Қазақстанға аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы сертификатты ресми түрде тапсыру рәсімі болды»,-деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов.
Сондай-ақ, Иран және Израиль елдері осы мәртебе негізінде Қазақстанның барлық аумағынан біздің ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға арналған рұқсатпен келісуге дайын.
«Елдің аусылдан таза мәртебесін алуы Қазақстанға ДСҰ-ға мүше елдерге жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдерді экспорттауға, біздің агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуына және имиджіне оң әсер етеді. Қытай Халық Республикасының ветеринария бойынша уәкілетті органы өткен жылдың қыркүйек айында ХЭБ-тің шешімі негізінде 9 облыстан аусыл бойынша шектеулерді алғанын атап өту қажет. ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жаңа ғана алынған мәртебе негізінде қалған 5 облыстан шектеулерді алу үшін Қытай тарапымен жұмыс жүргізуді жалғастыруда»,-деп нақтылады вице-министр.