Кейінгі кезде миллениалдар мен зумерлер әкесіне көлік мінгізіп, бума-бума ақша бергенін әлеуметтік желіге жиі жариялап жүр. Бұл ата-анаға шынайы алғыс айту ма, әлде іштей өзін міндетті сезініп, перзенттік парызын өтеуге деген ұмтылыс па?
Вaribar.kz тілшісі психоанализ маманы, психолог Гүлжан Қалиқызымен сұхбат құрып, бұл процестің астарында не жатқанын сұрап білді.
«Жастардың ата-анасына берген сыйлығын жария еткені — ішкі жоқшылықты жабудың көрінісі»
Гүлжан Қалиқызының сөзіне қарағанда, жастардың ата-анасына бағалы сыйлық беріп жатқанын жұртқа жария түрде көрсетуі — ішкі жоқшылықты жабудың көрінісі. Ол миллениалдар мен зумерлер ата-анасының экономикалық дағдарысына куә болып, әлеуметтік жағдайын көріп өскен буын екенін айтты.
Мүмкін сол шақтағы отбасының материалдық жағдайы баланың ар-ожданына тиіп кеткен шығар. Бәлкім, ата-анасына бала кезде «Менде неге жоқ?» деп іштей ренжіген болар. Сондықтан өскен соң «Енді мен сендерге беремін. Қалай дұрыс ата-ана болу керек екенін көрсетемін» деп өзін мойындатуға тырысады. «Қазір менде бәрі бар» деген ойды дәлелдеу үшін әдемі сәтті әлжеліге жүктейді, — дейді психолог.
«Бұл процестің астарында алғыс пен кінә араласып жатыр»
Психологтың пікіріне қарағанда, әлжелідегі онлайн өмір — адамның өзіне деген махаббатын толтыру жолы. Бұған нарцизмнің де ықпалы бар. Адам көпшіліктің мақтауын есту арқылы «жақсы ұлмын, жақсы қызбын» деген ойды бекітеді, растайды.
Ата-анаға қомақты ақша беріп, бағалы сыйлық табыстау мен оны жұртқа жариялаудың астарында әке-шешеге алғыс айту мен олардың алдында өзін кінәлі, қарыздар сезіну араласып жатыр. Бұл — ауыр эмоцияларды сублимация арқылы, яғни, қоғамға пайдалы немесе қауіпсіз әрекетке айналдыру арқылы жеңу жолы, — дейді Гүлжан Қалиқызы.
«Кінә сезімінен арылу қиын»
Кей кезде балаға ата-анасы «бізге қарыздарсың» деп тікелей айтпаса да, бала өзін қарыз сезінеді. Гүлжан Қалиқызының ойынша, мұның салдары — бейсаналы кінә сезімі, қанағатсыздық механизмі.
Кінә сезімінен арылу қиын, кейде тіпті, бұл — шегі жоқ процесс. Бұл сезім ұрпақтан ұрпаққа тізбектеліп, бала ата-анасының рөлін қайталап, кейін өз балаларына да сондай талап қояды, — дейді ол.
«Жұрттың баласы» деген ұғымның әсері тылсым күш іспетті
Қоғамда «жұрттың баласы» деген ұғым әлі бар. Гүлжан Қалиқызының сөзіне қарағанда, қазақ мәдениетіндегі ұят пен салыстыру негізінде қалыптасқан бұл ұғымның әсері тылсым күш іспетті.
Бала «жұрттың баласы» деген супер эго қысымын «қоғамдағы үлгі мен қалыпқа сай болмасам, мені қабылдамайды» деп түсінеді. Осылайша, адам мінсіз болуға ұмтылады. Демек, сыйлық беру кей жағдайда шынайы махаббат пен алғыстан гөрі бәсекенің нәтижесі болуы ықтимал. Осылайша, ата-анасының көңіл бөлгенін «сатып алуға» тырысады. Өйткені адамның шынайы ықыласпен берген сыйлығын отбасы мен жақындарына жария еткені жеткілікті еді, — дейді ол.
«Эдип кешені» деген қандай ұғым?
Психологтың пікіріне қарағанда, салыстыруды естіп өскен бала өскенде «жұрттың баласындай» болуға ұмтылады. Ондай адамның болмысы өзін біреумен салыстыруға бейім. Алайда шамадан тыс салыстыру зиян.
Психоанализда «эдип кешені» деген ұғым бар. Бұл — Фройдтың теориясы бойынша, үш-алты жас аралығындағы баланың қарсы жыныстағы ата-анаға ерекше жақын болып, ал өз жынысындағы ата-ананы «бәсекелес» көруі. Өскең соң ата-анасына қымбат сыйлық беріп, сүйіспеншілігін көрсету — осы шиеленістің сарқыншағы. Демек «эдип кешенінің» салдары ересек шақта «жұрттың баласындай» болуға ұмтылыс арқылы көрініс табады, — дейді Гүлжан Қалиқызы.
«Жастар шынайы өмірді басқаша қабылдауы мүмкін»
Контент жасап, фото, видео дайындауға адам біраз уақыт арнап, еңбектенеді. Гүлжан Қалиқызы адамға өміріндегі әдемі сәтті таспалау ұнаса, ешкімге зияны тимесе, сол іспен айналысу дұрыс деп санайды. Алайда біреудің жетістігін әр адам әртүрлі қабылдайды.
Әлжелідегі мұндай контентті көрген жұрттың бір бөлігі «мен де осындай жетістікке жетемін» деп қанаттанса, енді бірі «Мен неге осылай ата-анама сыйлық бере алмай жатырмын?» деп өзін жазғырады. Кейде мұның соңы агрессия мен қызғанышқа ұласады. Біреудің қымбат сыйлығы ішкі кемшілікті, яғни, «эдип кешенінің» санада қалған ізін еске салады, — дейді психолог.
Баладан дүние талап еткен қате
Ата-ана мен баланың бір-біріне көп талап қоятыны, бағалы сыйлық күтетіні — өмірде бар жайт. Бұған дәлел Тhreads қолданушысының мына жазбасы.
Психоанализ маманы ата-ананың туған перзентінен жақсылық күтуі қалыпты екенін айтты. Десе де, баладан шартты түрде материалдық дүние талап ету қате. Гүлжан Қалиқызының пікірінше, баланың жетістігі арқылы ата-ананың өз эгосын қанағаттандыруы дұрыс емес.
Кей жағдайда керісінше, ата-ана тарапынан балаға шарт қойылады. Осы тұста кінә, міндет, ұят пен мінсіздікке ұмтылу сезімі оянады. Салдарынан баланың «жақсы жетістікке жетемін» деген сенімі сетінейді. Отбасында «әне, жұрттың баласы» деген теріс қамшылау мен шартты махаббатты емес, шынайы махаббат пен сау қарым-қатынасты көріп өскен бала шама-шарқына қарай әкесі мен анасын қуантуға тырысады. Жалпы, біраз адам ата-анасына сыйлық бергенде қуанады. Дегенмен ата-ананың «Жұрт не дейді?» деген қоғамдық пікірге тәуелді болғаны, баланың жетістігі арқылы өз эгосын қанағаттандырғысы келгені, соның салдарынан баладан бағалы дүние күтетіні дұрыс емес. Мұндай ата-ана баланы өзіне сенімсіз, жасқаншақ, қорқақ қылып өсіреді, — дейді ол.
Баланың қызығын көру деген не?
Қазақстанның құрметті журналисі Жұмахмет Жайлаубаев Baq.kz порталына берген сұхбатында «Бала-шағаңның қызығын көр» деген тілектің мағынасын түсіндіріп берген.
Тойда той иесіне «Балаларыңның қызығын көр» деп тілек тілейміз. Ал сол «Қызығын көру деген не?» деген сұрақ туындайды ғой. Сонда қазір санамызда «қызығын көру» деген мынадай: баласы әке-шешесіне екі қабатты үй салып бергені, астына көлік алып бергені, шетелге, шипажайға жібергені, материалдық жағдайын жақсартқаны, — дейді Жұмахмет Жайлаубаев.
Сонда баяғыда екі қабатты үй, Мерседес, шипажай жоқ кезде қазақ халқы «балаңның қызығын көр» деп нені айтқан?
Қазақтар ешқашан материалдық байлықты байлық деп санамаған, дүние жимаған. Рухани байлықты байлық деген. Ал баланың қызығын көру деген – баланың жамандығын көрмеу деген сөз. Оның жақсылығын, жетістігін көру, қуанғанда бірге қуану. Балаңның бақытты екенін сезіну. Осыны баланың қызығын көру дейді. Ал біз сол қызықты ұмыттық та, бәрін материалдық сыйлыққа апарып тіреп қойдық, — дейді журналист.
***
Тағы оқыңыз:
Айдана Аламан: Кей ата-ана баланы «мені бағады» деп қана табатыны өкінішті

