Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қарағандыда «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» жобасының үздіктері марапатталды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының финалдық кезеңі аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, ауқымды жобаға өңірдің барлық қала-аудандарынан 1500-ден астам мемлекеттік қызметші қатысты.

Қатысушылар қатарында әкімдіктер, облыстық басқармалар, полиция департаменті, төтенше жағдайлар, қорғаныс, мемлекеттік кірістер органдары мен прокуратура өкілдері болды. Сонымен қатар жобаға басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және түрлі мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты.

Алты ай бойы қатысушылар сарапшылар таңдаған 15 кітапты оқыды. Тізімге Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ли Куан Ю, Томас Сибель еңбектері енген.

Финалдың ерекшелігі – қазақ және орыс лигалары бойынша командалық форматта өтуі. Іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары өзара бақ сынап, білімдерімен қатар командалық үйлесімділіктерін көрсетті.

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қорытынды нәтижелер:

Қазақ лигасы:

  • I орын – Бұқар жырау ауданы
  • II орын – Балқаш қаласы
  • III орын – Қарқаралы ауданы

Орыс лигасы:

  • I орын – Қарағанды қаласы
  • II орын – Саран қаласы
  • III орын – Теміртау қаласы

Жеңімпаздардың бірі, Қарағанды қаласының команда мүшесі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Досымбеков жобаның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кітап оқу – тек кәсіби міндет емес, жеке дамудың маңызды бөлігі.

Сонымен қатар ол жоба қарбаласқа қарамастан өзін-өзі дамытуға уақыт табудың маңызын көрсеткенін және спорт саласындағы адамдар кітап оқымайды деген стереотипті бұзуға ықпал еткенін айтты.

Қазылар алқасына әдебиет, білім және мемлекеттік басқару саласының сарапшылары енді. Қазылар төрағасы – Қазақстан Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды филиалының директоры Серікжан Байбосынов.

Жоба қазіргі мемлекеттік қызметшінің жан-жақты тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Финал түрлі ведомство өкілдерін біріктіріп, ортақ құндылықтар негізінде мықты команда қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қостанай облысы мен Шымкент қаласында да жүзеге асырылып жатыр. Ал қатысушылар саны бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Жоба Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Amanat партиясы қолдауымен жүзеге асып жатыр. 2026 жылы бастаманы бүкіл ел аумағына кеңейту жоспарланып отыр.

Бүгінде жобаға 189 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және отбасылық династиялар бар.

Exit mobile version