Жаһандық білім нарығындағы жасанды интеллект үлесі 2025 жылдың басында 4,5 миллиард доллардан асты. Халықаралық сараптамалық деректерге сүйенсек (Grand View Research, 2025), бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай жыл сайын орта есеппен 36,5% артып, білім беру экономикасын түбегейлі өзгертуге тиіс.
Осы орайда EdTech саласының кәсіби маманы, танымал сарапшы әрі инноватор Нұрлан Қиясов технологияның қарқынды дамуы «дайын ақпаратты» емес, «сапалы ойлауды» басты құндылыққа айналдырғанын алға тартады. Сарапшы АҚШ, Қытай және Эстония секілді елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, интеллектуалды жүйелерді оқу үдерісіне қауіпсіз әрі тиімді енгізудің жолдарын талдап берді.
– Бүгінде жасанды интеллект жай ғана технология емес, білім саласын екіге бөліп жатқан құралға айналды. Осы өзгерістің негізгі сипаты қандай?
– Иә, қазір әлем екі лагерьге бөлініп жатыр: бірі ЖИ-ді өз ойлау қабілетін күшейту үшін пайдаланса, екіншісі соған арқа сүйеп, когнитивті жалқаулыққа бой алдырып жатыр. Кәсіпкерлер де, ата-аналар да бір нәрсені түсінуі керек: болашақтың басты капиталы – деректер орталығы немесе жасанды интеллект курстары емес, адамның ойлау қабілетін ЖИ-мен толықтыра білетін оқу жүйесі. Сонымен қатар қазір білім нарығы екіге жіктелді. Біріншісі – тез арзандап жатқан техникалық құралдар. Екіншісі – ең тапшы әрі қымбат ресурсқа айналып жатқан оқыту әдістемесі мен бағалау жүйесі. Кім бірінші болып мұғалімдердің рөлін қайта қарап, бағалау жүйесін өзгертсе, сол ұтады. ЖИ білімді өздігінен жақсартпайды, ол тек жүйенің «ішін» ашып көрсетеді.
– Әлем елдері бұл бәйгеге қалай қосылып жатыр? Мысалдар бар ма?
– Бұл – нағыз жаһандық жарыс. Мысалы, Қытай: 2025 жылы «ЖИ+» жоспарын іске қосты. Олар мұғалімдердің жүктемесін азайту және ауыл мектептерін қолдау үшін технологияны барынша енгізіп жатыр. Тіпті кей аймақтарда оқушының білімі дебат пен презентация жасау дағдысы арқылы бағалана бастады.
Эстония: AI Leap бастамасын қолға алды. Олардың мақсаты – жай ғана технологияны толтыру емес, «ЖИ-ді сауатты қолданатын ең ақылды ел» болу. Мұнда цифрлық этика мен сауаттылыққа басымдық беріледі.
АҚШ: Ұлттық конкурстар арқылы мектеп оқушыларын жергілікті мәселелерді ЖИ көмегімен шешуге ынталандырып отыр.
– Технологияға тым сеніп кетудің қаупі жоқ па? Оқушылар ChatGPT-ге бәрін жаздырып, ойланудан қалмай ма?
– Бұл – өте орынды қауіп. MIT (Массачусетс технологиялық институты) зерттеулері қызық жайтты анықтады: ChatGPT пайдаланатын оқушылардың ағымдағы тапсырманы жақсы орындағанымен, технологиясыз өтетін емтихандарда білімі төмен болып шығады. Бұдан бөлек, баланың сыни ойлауы мен шығармашылығы тежелуі мүмкін. Тағы бір қауіп – «жаңғырық камерасы» әсері. Чат-боттар пайдаланушымен келісуге бағдарланғандықтан, бала өзіне қарсы пікір айтылмайтын ортаға үйреніп кетеді. Бұл оның эмоционалды дамуына кедергі келтіреді.
– Сонда бұл тығырықтан шығудың жолы қайсы? Көне әдістерге қайта ораламыз ба?
– Бір қызығы, ЖИ-ге қарсы ең жақсы қорғаныс – дәстүрлі ауызша емтихан болып шықты. Бұл тек көшірумен күрес емес, баланың сөйлеу мәдениетін, терең түсінігін және логикасын тексеретін ең тиімді әдіс. Ауызша сөйлесу кез келген автоматтандырылған тесттен артық.
– ЖИ-дің білімдегі пайдалы тұстары туралы не айтасыз?
– Инклюзия бағытында тамаша өзгерістер болды деуге болады. Көзі көрмейтін немесе нашар көретін балалар үшін смартфон әлемді камера арқылы сипаттап беретін көмекшіге айналды. Бұл оларға ерекше еркіндік сыйлайды. Ал Қытайдағы Dola сияқты қолданбалар үй тапсырмасын тексеріп қана қоймай, баланың отырысын қадағалап, репетитордың орнын басып жүр. Бірақ ЖИ әлі де контексті толық түсінбейтінін ұмытпау керек. Мысалы, баланың тапсырма орындау кезінде кідіріп қалуы – оның алаңдағаны емес, керісінше, терең ойланып отырғаны болуы мүмкін. Мұны машина әзірге ажырата алмайды.
– Сонымен, ата-аналар мен білім саласының басшылары не істеуі керек? Түйін қандай?
– Ең бастысы – тепе-теңдік. Бізге ЖИ-мен қауіпсіз қарым-қатынас ережелері мен нақты педагогикалық принциптер керек. ЖИ кез келген сабақ жоспарын әдіскерден де жақсы жазып беруі мүмкін, бірақ оған бәрін сеніп тапсырсақ, білім жүйесі болашаққа бастаудың орнына, ескі деректердің мұрағатына айналады. ЖИ мектепке немесе университетке төнген қауіп емес. Нағыз қауіп – өзгерген әлемде ескіше оқытуды жалғастыру. Өйткені қазір дайын жауапты білу емес, ойлана білу, талдау жасау және дұрыс таңдау жасау маңыздырақ.

