Шілдеханадан бесік тойға дейін қандай жоралғылар жасалады?

Бүгінгі күні кей салт-дәстүріміз санадан сырт қалып бара жатыр. Солардың бірі - шілдеханадан бесік тойына дейін жасалатын жоралғылар. Біз бүгін осы тойдың салтын түгендеп шығуды жөн көрдік.

 «Қара қазан тез пісе ме?»

Қазан
©Baribar.kz

Қазақтың салт-дәстүрі сәбидің дүние есігін қағуынан-ақ басталады. Соның ең алғашқысы – жарысқазан. Ол келіннің ай-күні жетіп, толғағы ұстаған кезде жасалады. Жарыс қазан туралы С. Әжіғали мен Н.Байғабатова «Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты мақалаларында: «Бұл қуанышты хабарды күтетін өте қызықты наным болып табылады. Жарыс қазанды егде әйелдер мен күйеу жағынан жақын туыстар жиыналып, босануышы әйелдің үйінде өткізетін болған. Қазанға ет салып, оны бала дүниеге келгеннен бұрын пісіруге тырысқан. Әдетте бұндай жағдайда «Қара қазан тез піседі ме, қара әйел (қатын) тез босана ма?» дейтін болған.

Наным бойынша сәби бұл «жарысқа» қатысып, тезірек жарыққа шығуға тырысады. Бала дүниеге келгеннен кейін аталған ғұрыпқа қатысушылар міндетті түрде піскен еттен дәм татуға тиіс. Қазіргі күнде бұл ритуал баланың дүниеге келуімен байланысты әдет-ғұрыптар қатарынан жоғалып кетуі, сірә, босанушы әйелдің бұл уақытта перзентханада жатуымен байланысты болса керек»,-деп қорытындылаған.

Сондай-ақ бала тез туылуы үшін ұршықты сабынан шығарып алып, тесігінен өрлету сенімі де бар. Осылайша, сәби дүниеге келген соң, жеңгелер қуанышпен құттықтап, дастархан басында әзіл-қалжың айта отырып, дүние есігін жаңа ашқан сәбиге баталарын береді. Қуаныш соңын шілдеханаға айландырады.

Шілдехана тойы

Шілдехана – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Бұл тойды біз күнделікті өмірде де көріп, көркем әдебиеттен де оқып, біліп жүрміз. Мысалы,  Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романында: «Сәрсенбай зор қуанышта болып, шілдеханаға қанша қыз-бозбала жиып… баланың есімін Жамал қойып еді» деп, той жасалғаны суреттеледі.

Бұл тойды кей жерлерде шілделік деп те атайды. Бұны біз Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романынан да байқаймыз:

«— Аманжол қайда кеткен? – деп сұрады.

— Аманжол Атекем ауылына шілделікке кеткен.

— Шілделік кімдікі екен?

— Байқадамның келіні ұл тауыпты, соған…

… Серғазынікі анау түтіні шығып жатқан үй, онда бүгін шілдехана бар, кеше Серғазы үйіндегі жеңешем ұл тапқан, жаңа шілделікке Атекем ауылына екі шана қыз келді».

Шілдехана қалай тойланады?

Сәби
©Baribar.kz

Шілдеханаға тән ерекшеліктердің бірі – бұл тойға қуаныш иесінің жора-жолдастары шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Бұл тойда «Балаңыздың бауы берік болсын!» деген құттықтау айтылады. «Негізінен  шілдехана үй иесінің жағдайына қарай үш күнге созылады. Шілдеханаға келген қонақтар таң атқанша жаңа туған нәрестені, оның анасын ардақтап ән салып, домбыра тартып, ойын-сауық ұйымдастырады. Шілдехана кешінде жиі айтылатын әннің бірі – «Бөбек».

Келген күні баланы шілде суға түсіреді. Анадан шыққаннан кейін ол тазару керек. Әдетте жара шықса жағу үшін осы шілде суынан кішкене ыдысқа құйып алып, сақтап қояды. Итаяқ – баланы шомылдыру үшін пайдаланылатын ыдыс. «Итаяққа салды ма?» деген сөз содан қалған. Оған ақша-тиын, сақина-білезік салады, баланы суға түсіріп болған соң оны келіндерге бөліп береді. Әйелдердің «Маған итаяқтан ақша қайда?» деп айтып жататындары осыдан»,- дейді А. Құдайбергенова мен Қ. Бекбалақ «Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері» атты еңбектерінде.

Олар нәрестенің жақсы азамат болып өсуіне тілектерін білдіріп, шамаларына қарай сыйлықтарын береді, шашу шашады. Бұл күні ән мен күй толастамаған. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш еститіні қазақтың әні мен жыры болған. Бұл туралы салт-дәстүрді көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрген «Бабалар аманаты», «Шуақты күндер» сынды кітаптардың авторы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова былай дейді:

— «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дейтін халқымыз туыла салған баланың құлағына ән-жыр сіңіреді. Ән айтқан жерде жаман ой болмайды, тек жақсы көңіл-күй, жақсы тілек, таза ниет қана болады. Себебі, шілдехана жәй тойлау емес! Оны «Жын-шайтан жоламасын» деп өткізеді, қазіргі тілмен айтқанда, жаман энергияны сәбидің тап-таза, періште денесіне жолатпау. Осы жерде жаңа туған сәбидің «жолдасы» туралы айтпай кетуге болмайды. Бұрын әжелер баланың «жолдасын» алып жуып, орап оны аяқ баспайтын, ит-құс ала алмайтын жерге қастерлеп көмген. Егер «жолдасы» далаға тасталса, әйел ауруға ұшырайды деген сенім бар. Сол сияқты әйел ылғи қыз туа берсе, онда туып жатқан баланың «жолдасын» алып, босанған әйелдің басынан айналдыратын да ырым бар. Сонда келесі бала ұл болып туады деген сенім болған.

Шілдехана тойы басталғанда жиналған жұрт:

Сәби келді өмірге,

Сәби келді!

Бір күй кернеп, шалқытты ән іргемді.

Анасы аман босанды, қалжа жесін,

Ат ұстайтын азамат бар үйде енді, — деп ақ тілек, адал ниеттерін жеткізеді.

Өлең жолдарында келтірілгендей, шілдехана тойы кезінде келінге арнап қалжа сойылады.

«Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі»

Бүлдіршін
©Baribar.kz

Қалжа – жас босанған келінге арнап байланған қой. Әйел өмірінде оның мәні зор. Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжітеді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына іледі. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым.

Бір атап өтерлігі, жаңа босанған келінге ешкі етін беруге болмайды. Өйткені ешкі еті желді болады. Әйелдің тұла бойындағы суықты қоздырып, көне-жаңа аурулардың қозуына себепші болады.

Қазақта «Қалжалы бала – батыр, Қалжасыз бала – қалжыр» деген сөз бар. Егер жігіттердің бір жұмысқа әлі келмей, жығылып қалып жатса, «Сен туғанда шешең қалжа жемеген бе?» — деп қағытқан. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ Зейнеп Ахметованың айтуынша, қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі. Ал енелері сол қалжаға сойылған қойдың етін ұсақтап турап, 40 күн бойы келіндеріне беріп, жас сорпамен терлеткен. Осы терді қазақ «қалжа тер» немесе «шілде тер» деп атайды.

«Шілде тері шықпаған әйел аурушаң болады»

Аурухана
©Baribar.kz

Шілде тер (қалжа тер) – жаңа босанған келіншектің 40 күн бойы жас сорпа ішіп, жылы оранып, шығаратын тері. Егер шілде тері шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, келіншек күндер өте келе аурушаң болып кетеді деген сенім бар. Бұл туралы да Зейнеп Ахметова түрлі баспасөз беттерінде «Негізі, әйелдің босанғаннан кейінгі іштегі қатқан қаны мен артық тұзы, «жел-құзы» терлеу арқылы термен бірге шығады. Әжелеріміз кейбір келіндердің бетіндегі қара дақты көрсе, «Тері қатып қалыпты» деп жатады. Бұрын қырық күн бойы жас босанған ананың қолын суық суға салғызбаған. «Тіске суық тиеді», «тісі түсіп қалады» деп суық су, салқын сусын ішкізбеген»,- деп айтып та, жазып та жүр.

«Итжейде» тарихын білесіз бе?

Итжейде
©Baribar.kz

Шілдехана тойы кезінде нәрестеге оның ең алғашқы киімі «итжейде» («иткөйлек» деп те аталады) кигізіледі. Оны баланың кіндік шешесі тігеді. Бұл киімнің шығу тарихы туралы ел арасында мынадай аңыз бар:

Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты.

Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.

Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді… Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты.

«Итжейдені» бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды.

Бала қырқынан шыққан соң «иткөйлектің» ішіне тәтті-дәмділерді түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, мойнындағы түйіншекті шешіп алып, ішіндегі тәттілерін жеген. Осылайша, ары қарай баланы қырқынан шығарып, бесікке бөлейді.

Баланың өмірге келуіне байланысты салт-дәстүрлер мұнымен біткен жоқ. «Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, ай, шіркін-ай!» деген секілді, қазақтың тал бесіктен жер бесікке жеткенге дейін жасалатын тойы да, жоралғысы да көп. Біздің мақсат – осындай уақыт тезінен өтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан құндылығымызды, қазақтығымызды көрсететін қазынамызды дәріптеп, ұмытпас үшін, болашақ ұрпаққа аман-есен аманаттау. Себебі ата-баба дәстүрі – ұрпаққа қашан да өнеге.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.

1 пікір

  1. Керемет жазылыпты, қазір көптеген енелер барлығын білсе де, осындай ырымдарды білмейді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!