Министрлік ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруды қолға алады

Министр жұмыс сапары аясында егіс науқанының барысымен танысып, ауыл шаруашылығы машинасын құрастыру саласының даму мәселелерін талқылады.

Асқар Мырзахметов отандық ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді. Оған жергілікті зауыттардың директорлары мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші компаниялар өкілдері мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер қатысты.

АӨК-ні дамыту мемлекеттік бағдарламасы міндетінің бірі – ауыл шаруашылығы саласының заманауи техникалармен және құрал-жабдықтармен қамтылуын арттыру, сондай-ақ ел аумағында ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін ағымдағы уақытта арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мен ауыл шаруашылығы техникасын жасаушы кәсіпорындар өкілдері кірді.

Жұмыс тобы отырыстарының қорытындысы мен машина-тракторлық паркты жаңғыртудың тежеуші жағдайларына талдау нәтижесінде АШМ тарапынан Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытудың жол картасы әзірленді.

Жол картасында көрсетілген іс-шаралар қолда бар қуаттылықтарды еселеп, өндірістің жаңа түрлерін арттыруға, шығарылып жатқан өнімнің ассортиментін ұлғайтуға және мұның нәтижесінде фермерлерді әлемдік баламаларынан бір де кем емес сапалы да, арзан отандық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, биылдан бастап отандық өндіріске бағытталған техника мен құрал-жабдықтарды субсидиялаудың әдістемесі өзгерді. Айталық, бұған дейін шетелдік астық жинаушы бір комбайнға 30 млн. теңге берілсе, биылдан бастап бұл қаражатқа 3 астық жинаушы комбайн субсидияланады. Мұның өзінде, шетел техникасы да әдеттегіше субсидиялана береді. Алайда, олардың бағасының тым қымбат болуына байланысты қаржыландырылуы 5-7% деңгейде болмақ. Ал отандық техника үшін 25% көмек беріледі.

ДереккөзInform.kz