Алматыдағы Көк базар — ең көне сауда орындарының бірі. Бұл базар орналасқан аймақта біраз жылдан бері сауда-саттық жүріп жатыр. 1970 жылға қарай Көк базардың жабық ғимараты бой көтерді. Былтыр қарашадан бері базарды жаңғыртып жатыр. Baribar.kz тілшілері Көк базардың тыныс-тіршілігін көріп қайтты.
Көк базар сатушылары ақ немесе жасыл түсті арнайы форма киіп алған. Базарға кірген бойда кепкен жемістердің жұпар иісі аңқып тұрады. Қаз-қатар тізілген сары өрік, қызыл өрік, мейіз бен құрма көзімізге түсті. Сонымен қатар грек, бадам, орман жаңғағы мен жер жаңғақ та бар екен.
Кепкен жемістен бөлек, базарды аралап келе жатқанда шайдың да хош иісі сезілді. Отбасымызбен дастархан басына жиылып, шүйіркелесу үшін бір шәйнек шай болса, сол жетеді емес пе? Мұнда әр адамның талғамына сай әртүрлі шай бар. Ең көп сатылып жатқаны — жеміс шайы, қара шай мен түйіршік көк шай.
Көкбазардан кез келген жеміс-жидек пен көкөніс түрі табылады. Көктем келер-келместен мұнда қарбыз бен қауын да сатылып жатқанын байқадық.
Базарда әртүрлі адамды кездестіруге болады. Бірі асығыс саудаласып, дереу кетіп бара жатты. Ал енді бірі әр өнімді асықпай таңдап, саудагермен оны-мұны айтып әрі саудаласып тұрды.
Нағыз ауылдың дәмін сағынған жандар базардан түрлі сүт өнімін таба алады. Саудагерлер қаймақ, құрт, ірімшік пен сары май сатып жатыр. Тіпті, қымыз, шұбат пен наурыз көжеден дәм татып көруге болады. Сүт өнімінен бөлек, сөк, тары, талқан мен жент те бар. Наурызға орай ұлттық тағамдарды сатып алып жатқан жұрт көп екен.
Базардың ет сататын аймағында сиыр еті, қой еті мен жылқы еті бар. Жілік-жілік ет, сүрленген қазы-қарта мен тізіліп тұрған жал-жая бірден көзге түсті. Саудагерлер әр тұтынушының қалауына қарай етті бөлшектеп, салып беріп жатыр.
Базарда үлкен кісілерді көп кездестірдік. Ата-әжелер немерелеріне тәтті алып жүр. Ал ерлер мен әйелдер үйге қажет азық-түлік сатып алып жатыр. Кішкентай баласын ертіп алып, сауда қылып жүргендер де бар.
Әрі қарай шығыс салатын сатып жатқан қатарға беттедік. Ащы дәмді жақсы көретін жандарға сатушы қызыққабат пен сәбіз салатын салып беріп жатыр. Көкөністегі дәрумен бойына сіңген салат пен түрлі дәмдеуіштің иісі тәбетімізді ашып жіберді.

