Қазақстан азаматтары жыл сайын 1 сәуірге дейін көлік салығын төлеуге міндетті. Былтыр 18 шілдеде президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Baribar.kz тілшісі көлік салығын төлегенде нені ескеру керек екенін талдап шықты.
Салық сомасын қалай есептеуге болады?
Мемлекеттік кірістер комитеті сайтында немесе e-Salyq Azamat мобайл қолданбада көлік салығын есептеуге арналған калькулятор бар.
Салықты есептеу үшін калькуляторға мына мәліметтерді белгілеу қажет:
- салық есептеу жылы – 2025 жыл;
- көлікті пайдалану мерзімі (қанша ай пайдаланғаны);
- көлік түрі;
- қозғалтқыш көлемі.
Бір ескерер жайт, бұл ретте салық былтырғы АЕК бойынша төленеді.
- 2025 жылғы АЕК — 3 932 теңге;
- 2026 жылғы АЕК — 4 325 теңге.
Банк немесе банкомат арқылы төлеуге бола ма?
Банк немесе банкомат арқылы төлерде мына деректі көрсету керек:
- бюджеттік сыныптама коды (БСК) – 104402;
- төлем мақсатының коды (ТМК) – 911;
- өсімпұл үшін ТМК – 912.
Сонымен қатар көліктің VIN кодын білу керек. Бұл – 17 таңбалы бірегей нөмір. VIN код көліктің техникалық паспортында жазылған. Жеңіл көлікке кузов нөмірі, жүк көлігіне шасси нөмірі қажет.
Көліктің қозғалтқыш көлемі бойынша қанша салық төлеу керек?
Қозғалтқыш көлемі:
- 1 100 — 1 АЕК;
- 1 100-1 500 — 2 АЕК;
- 1 500-2 000 — 3 АЕК;
- 2 000-2 500 — 6 АЕК;
- 2 500-3 000 — 9 АЕК;
- 3 000-4 000 — 15 АЕК;
- 4 000-нан жоғары болса, 17 АЕК мөлшерінде салық төлеу қажет.
Көлікті айдау мерзіміне қарай қандай коэффициент бекітілген?
Көлік санаты көліктің техникалық паспорты бойынша анықталады. Салық кодексі бойынша, көлікті пайдалану мерзімі:
- 10-20 жыл аралығында болса — 0,7;
- 20 жылдан асқанда — 0,5.
Бір ескерер жайт, бұл коэффициенттер 2026 жылғы салықты есептеу кезінде күшіне енеді.
Қымбат көлік салығы қанша болады?
Құны 18 000 АЕК-ден асатын көлік сатып алған азаматтар көлік құнының 10%-ын салық ретінде төлеуге тиіс. Бұл — акзиц салығы.
2026 жылдан бастап көлік салығына енген кейбір өзгерістер
Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін өндірілген немесе елге әкелінген жеңіл көліктерге қатысты жоғары салық мөлшерлемесі алынып тасталды.
Шаруа мен фермер қожалықтары бір дана пикап автокөлігі үшін көлік салығынан босатылады. Көлікті (пикап, жип, фургон т.б.) түріне қарай санаттау нормасы жойылды. Енді санат көлікті тіркеу куәлігінде көрсетілген жүргізуші куәлігі санатына (A, B, C, D) сәйкес айқындалады.
2026 жылдан бастап көлік салығы бойынша ағымдағы есептілік тапсырылмайды. Салық төлеушілер тек жылдық декларация өткізіп, салықты жылына бір рет төлейді.
***
Тағы оқыңыз:

