Жарысқа Израиль, Қырғызстан, Ресей, Белорусия, Өзбекстан, Жапония, Вьетнам және Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшылары екі жас ерекшелік бойынша көпсайыс түрінен сайысқа түседі.
Спорттық шараның ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев барша турнирге қатысушы спортшыларға қош келдіңіздер дей отырып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Еліміздің мақтанышы Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Азия ойындарының екі дүркін абсолютті жеңімпазы. Афина және Бейжің қалаларында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған. Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, туымызды көкке көтерді. Бүгінде көркем гимнастикадан ҚР бас жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан спорт саласының бірегей білікті маманы», — деді әкім.
Әлия Мақсұтқызы басқаратын көркем гимнастика мектебінің ашылғанына небәрі 7 жыл ғана болғанына қарамастан спортшылары бірнеше биіктіктерді бағындырып үлгерді. Былтырғы жылы Бразилияда өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарында Әлияның төл шәкірті Сәбина Әшірбаева небәрі 16 жасында өнер көрсетіп, жоғары көрсеткіштерге ие болды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2011 — 2016 жылдары аралығында жас ерекшіліктері бойынша мектеп гимнастшылары Қазақстан Респуьликасының чемпиондары, Азия Ойындары мен Азия чемпионаттарының жүлдегерлері және Испания, Эстония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусия, Туркия және Қазақстан елдерінде өткен бірқатар халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Осы жылдар аралығында мектеп гимнастшылары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 123 — алтын, 130 — күміс және 167 — қола медальдарға қол жеткізген.