Не болды?
Сырт көз баланың ішкі күйзелісін әрдайым байқай бермейді. Кейде мектепте белсенді, еш уайымы жоқ болып көрінетін жасөспірімнің өзі өміріне қатысты ауыр шешім қабылдауы мүмкін. Қазақстандағы ресми статистика да бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Baribar.kz тілшісі түсіндіріп береді.
Мәлімет
Ranking.kz Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті дерегі негізінде қорытынды жасаған. 2025 жылғы қаңтар — желтоқсан аралығында (бір жыл ішінде) 3,2 мың жасөспірім суицид жасаған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5,7% (яғни, 193 адам) аз. Бұл екі жыл – кейінгі жылдар ішіндегі ең төмен көрсеткіш.
Аймақ бойынша қорытынды қандай?
Аймақтағы дерек елдің әр бөлігіндегі әлеуметтік—психологиялық жағдай да, суицидтің алдын алу шараларының тиімділігі де әртүрлі екенін көрсетіп отыр. 2025 жылғы қаңтар – желтоқсан кезеңінде суицид фактілерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (619), Түркістан (493) және Алматы (488) облыстарында тіркелген. Мегаполистерде де сол мәселе: Алматыда 419 қайғылы дерек тіркелсе, Астанадағы көрсеткіш — 449. Ең аз дерек Ұлытау (49) және Маңғыстау (90) облыстарында тіркелген.
Бұған не себеп?
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметіне қарағанда, жасөспірімдер арасындағы суицидтің 62%-ына ата-ана мен бала арасындағы күрделі отбасылық қарым-қатынас себеп болған. Жағдайдың 10%-ында балалар қолайсыз ортада өмір сүрген немесе қиын жағдайға тап болған. Ал жағдайдың 22%-ында өлімге мектептегі буллиң әсер еткен.
Полиция рапорттарына қарағанда, 2025 жылғы қаңтар–желтоқсан кезеңінде кәмелетке толмағандар арасында болған суицидтің 75,4%-ының(199 деректің 150-і) нақты себебі анықталмаған. 13 баланы суицидке ата-анасымен немесе туыстарымен болған жанжал итермелесе, екі жағдайда буллиң негізгі себеп ретінде көрсетілген.
Психолог Әсем Ілесбайдың айтуынша, бала мектепте белсенді жүргендіктен, оның іштей күйзеліп жүргені сезілмеуі ғажап емес. Дегенмен ондай бала да суицид жасауы бек мүмкін. Өйткені баланың қорғаныс механизмі тұрақты болмаса немесе мықты болмаса, суицидке қарсы тұра алмауы мүмкін. Мұның алдын алу үшін әке-шеше баласының сезімінен, эмоциясынан қашқақтамауы қажет. Баласының эмоциясын қабылдап, бірге өткергені дұрыс. Бұл әке-шешенің қолынан келмесе, психологқа барғаны жөн.

