Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен өткен селекторлық мәжілісте мәлім етті.
«Әлем назары ауатын ауқымды шараның көркін қыздыруда оңтүстік өнерпаздары жаңаша бағытта, ешкімді қайталамайтын қазіргі заманға лайықты туындыларымен ерекшеленуі керек. Іс-шара жоспары бекітіліп, кешенді дайындық қажет. Ел абыройын асқақтатар тұста қай салада болмасын аянып қалмауға тиістіміз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында баяндама жасаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов шара аясында Оңтүстік Қазақстан облысынан 610 адамнан құралған 17 шығармашыл ұжым қатысып, өнерлерін көпшілікке ұсынатынын жеткізді. Оның ішінде жергілікті 22 қолөнер шеберлері де бар.
«Мәдени шара барысында «Қазыналы Оңтүстік» қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, концерттік бағдарламалар, оңтүстікте түсірілген анимациялық фильмдер мен көркем фильмдер жұрт назарына ұсынылады. Сондай-ақ Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма және орыс драма, қуыршақ, әзіл-сықақ және сатира театрлары мен Оңтүстік-Цирктің қойылымдары Астана жұртшылығы мен көрме қонақтарының көзқуанышына айналады », — деді мәдениет басқармасының басшысы.
Айта кетейік,оңтүстіктің мәдени күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекітілген кестеге сәйкес өткізілетін болады. Мерекелік концертте Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Тұмар фольклорлық ансанблі «Қазына»,«Тұмар» би ұжымдары өнер көрсетеді деп күтілуде. Сонымен қатар облыстық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хоры, жеке солистері, балет труппасы, «Биг-бенд» эстрадалық джаз ансамбльдері көпшілікке өз өнерлерін паш етпек. Бұдан бөлек, ЭКСПО қалашығының амфитеатрында «Нұрын шашқан -Оңтүстік» атты Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар Астанадағы «Қазанат» ипподромында бой көтеретін этноауылда Оңтүстік Қазақстан облысынан талапқа сай бірнеше киізүй тігілетін болады.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналып 10 185 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде облыстық басқармалар тарапынан 1361 ал, аудан-қалалардан 8 800-ге жуық мерекелік шара ұйымдастырылмақ.