Басты бетЖаңалықтарСаяси партияларға...

Саяси партияларға жан біте бастады

Күні кеше ғана парламенттің төрінде отырған экс-мәжілісмен Тұрсынбек Өмірзақов әріптестерімен әзірден қоштасып жатыр. Мәжіліс тараған соң журналистерге де есігі жабылған ғимараттағы кабинетін бұрынғы депутат ертеңге дейін босатып, көлігін, тегін тұрған пәтерін тапсыруы тиіс. Төрт жыл бойы түймені басып отырып заң қабылдап, Үкіметке мыңнан аса сауал жолдадық деген Өмірзақов 5-ші шақырылымның жұмысын жоғары бағалайды. Аузына құм толтырғандай отыра беретін әріптестеріне де шаң жуытқысы жоқ. Парламент қабырғасында биліктің жұмысын қадағалап, халықтың атынан талап қоя білдік дейді. Тіпті жаңа жылға дейін көз ілмей жұмыс істеп, президенттің 100 қадамына қатысты 56 заң жобасын қабылдауын тарихи сәтке де балайды.

ТҰРСЫНБЕК ӨМІРЗАҚОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты:

— Осы сентябрь айында біз 60-қа жақын заң алдық, бір айдың ішінде. Ол болмаған оқиға. Осы кезде демалысқа қарамай, күні түні жұмыс істедік.

Депутаттық крелосын қимайтын Өмірзақов мәжіліске қайта оралуға партия ұсынса әзір екенін, болмаса бизнеске кететінін айтып, қоштасып кетті. Ал өзі мүше болған Коммунистер партиясы өткізген жиында төбе көрсетпеді. Алғашқылардың бірі болып саяси додаға қатысатынын мәлімдеген зейнеткер Косарев бұл жолы қасына президент сайлауына түсіп, тәжірибе жинақтаған Тұрғын Сыздықовты ертіп келіпті. 67 жастағы коммунист өткен додада 2 пайызға жетпейтін дауыс жинап жолы болмап еді, бұл жолы депутаттық орыннан дәмелі сияқты. Қобалжып әрең сөйлеген Сыздықовтың айтуынша, жаңа жасақталатын парламентке өздері сияқты зейнет жасына жетсе де, білімді, кәсіби депутаттар керек екен. Съезді қаңтардың аяғында өткіземіз деген коммунистердің жаңа бағдарламалары да әзір.

Ал сәуірдегі саяси додадан кейін сәл демалып алған Орталық сайлау комиссиясының бұл жолғы жұмысы тіптен ауыр болатын сияқты. Өйткені,  20 наурызда Парламент пен мәслихат сайлауы қатар өтіп, есесіне ел қазынасының 5 миллиардқа жуық теңгесі үнемделмек. Сондықтан дауыс беруге келгендерге үш бюллетень ұсынылады.

ҚУАНДЫҚ ТҰРҒАНҚҰЛОВ, орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

— Бір бюллетень саяси партияға дауыс беруге, екіншісі облыстық мәслихат депутатын таңдауға беріледі. Ал үшіншісі аудандық немесе қалалық мәслихатқа үміткерге дауыс беру үшін. Алматы мен Астана сайлаушыларында аудандық мәслихат болмағандықтан, екі бюллетень болады.

Ал сайлауға үміткерлер тізімін ұсыну 8 ақпанға дейін, партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін созылады. Партияның атынан түскен үміткер көпшіліктің басым даусына ие болуы және сол ұйымға мүше болуы шарт. Ал Ассамблеяның атынан сайланатын 9 депутаттық орынға таласатындарды кеңес таңдайды.

Осылайша еліміздегі саяси партиялардың съезд өткізіп, парламенттің жұмсақ креслосына отырғысы келетін үміткерлерін таңдауға жарты айдай уақыт қалды.  Мәжілістегі 107 депутаттық орынға таласатындар тіркеліп болғаннан кейін, үгіт-насихат жұмыстары бір айға, яғни 18 наурызға дейін созылмақ. Ал сайлауға түсетін саяси партиялар әр үміткері үшін 340 мың теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс.

Дереккөз31.kz