Басты бетЖаңалықтарТеатр қайраткері...

Театр қайраткері Атыраудың өнер меккесіне айналғанын айтты

24 мамырға дейін жалғасатын шараға 6 театр қатысып жатыр. Олар: Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Талдықорған облысы Бикен Римова атындағы қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Мемлекеттік Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма. 

Фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткізіліп отырған фестивальдің маңызын түсіндірді:

«Бұның барлығы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген тапсырмаларды орындау үшін, яғни еліміздің рухани жаңғырып, санасының өзгеріп, жаһандану процесінде рухани бәсекелестікке де сай болуы үшін істеліп жатыр.  Ел азаматтары бұл көптен күткен ісіміз еді, Елбасыға рахмет деп құлшынып отыр. Мұны іске асырмасақ өзімізге сын деген бағытпен қызмет атқарып келе жатырмыз», – деді ол. 

Облыс әкімі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және фестивальге қонақ болып келген осы органның вице-министрі Ақтоты Рахметоллақызына мәдени шараларды өткізудегі қолдауы үшін ерекше ризашылығын білдірді. Ақтоты Рахметоллақызы Мәдениет және спорт министрінің мерейтой иесіне құттықтауын оқып, фестивалдің ұйымдастырылу сапасын жоғары бағалады.

Ашылу салтанатында сөйлеген театр қайраткері Есмұхан Обаев Атырау облысында өнер мен мәдениетке деген ықыластың ерекше екенін айтты:

– Атырау елі бүгінде өнердің меккесіне айналды. Осы мен білгелі бері жеті коллектив гастрольдік сапармен келіп, фестивальдер өткізді. Бір драматургтің фестивалін өткізу бұл – үлкен жомарттық, бұл – үлкен тәуекел. Бұл – үлкен мақтаныш. Жыл сайын өтеді деп айттыңыз. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Жыл сайын бұл жерде фестиваль өткізу деген… Бұдан былай осы жұрт фестивальсіз күн көре алмайтын болады», – деді ол.

Мерейтойын тойлап отырған ақын Иран-Ғайып фестивальді ұйымдастырушылар мен өнер сүйер қауымға алғыс айтты:

«Мен сіздерге басымды иемін. Атырауым, абыз алыбым, айнымас алтын қалыбым, тәу еттім сенен. Исатай-Махамбетіңнен айналдым. Осы тұрған барлығыңыздан айналдым. Мынау жетпіске келген адам айналғыш болады екен. Табыс тілеймін. Құдай әруақыт қолдап, мына сахна сіздерге ұнасын деп тілеймін», – деді ол.

Айта кетелік, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, литвалық режиссер Ионас Вайткус төрағалық ететін қазылар алқасының құрамында Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Одуракаев  Бусурман; өнертанушы Ахмедиярова Нұрбике; жазушы-журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп; жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы; өнертану магистрі, театртанушы Әбуғазиева Салтанат бар.

Фестиваль аяқталған соң Атырау қаласында Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтеді деп жоспарланған.