Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «жасыл» технологияларды дамытудың халықаралық орталығы және IT-орталық құрылу жоспарланып отыр. Бұл материалды жазуға осы үш нысанның соңғысы арқау болды.
Президент тапсырмасы бойынша IT-орталық ЭКСПО-2017 базасында бой көтермек. Болашағынан үміт күттіріп отырған қазақстандық жоба туралы сөз қозғамас бұрын, аталған бағытта әлем бойынша жүзеге асырылып жатқан орталықтар туралы дерек берсек.
IT-орталық дегенде әуелі ойға оралатыны — АҚШ-тағы әйгілі “Силикон алқабы”. Калифорния штатында орналасқан бұл мекен қазір халықаралық ғылыми-техникалық прогрестің, Apple, Intel, Yahoo!, eBay секілді бүкіл әлемнің сұранысын қанағаттандырып отырған компаниялардың отанына айналды.
Бұдан бөлек Жапонияда «Кремний алқабы», Дания мен Швеция бірлесіп құрған «Медикон алқабы» секілді ауқымды жобалар да бар. Аталған орындар электрониканың, биомедициналық технологиялардың қарқынды дамуына үлес қосып отыр.
Швейцариялық Базель қаласы елдің химиялық, фармацевтикалық және биотехнологиялық өндірісінің дамуына негіз болып, көптеген кәсіпорынның ашылуына себепші болды.
Бұл ретте «Қытайдың Кремний алқабы» — Чжуньгуанцунь туралы айтпай кету мүмкін емес. Басқа елдердегі осыған ұқсас жобалардан ерекшелегі мынада: көптеген халықаралық ұйымдар өз бөлімшелерін осы жерден ашуға тырысады: мысалы 23 трансұлттық компания, әлемдік ең ірі кәсіпорындардың 43-і осы Қытайдың Кремний алқабынан өз филлиалдарын ашыпты.
Бұдан бөлек Францияның Париж бен Греноблдағы инновациялық орталықтарын, Үндістанның Бангалорындағы «Силикон алқабын», Германия, Ұлыбритания, Италия, Бразилия, Ресейдегі IT-орталықтарды мысал ретінде келтіре аламыз.
Әлемнің сөзі де өтімді, күші де қуатты елдерінің бұлайша жан таласуына не себеп болды деген де сұрақтың туындары заңды. Қазақ ақпараттық коммуникациялар академиясының Президенті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің радиотехника, электроника және телекоммуникациялар кафедрасының жетекшісі Шахмаран Сейіловтың айтуынша, CISCO корпорациясының деректеріне сәйкес, Жер бетіндегі 7 миллиард адамның 5 миллиарды Интернетті қолданады екен. 2050 жылға қарай әлемде 50 миллиард құрылғы ғаламторға қосылып тұрады деп болжам жасалып отыр.
«Бұл түптің түбінде көптеген жұмыстың автоматтандырылуына, машинааралық айырбас бағытында дамуына алып келеді. Адамзат сандық жүйеге басыбүтін көшеді. Ауыл шаруашылығынан бастап ғарыш саласына дейін толықтай жаңарып, жаңа технологияларды басшылыққа алады. Көштен қалмаймыз десек, IT-орталық Қазақстанға ауадай қажет. Бұл — әлемдік тенденция», — дейді Шахмаран Сейілов “Время” газетіне берген пікірінде.
Ғалымның айтуынша, Қазақстан сандық технологиялар бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кірмесе де, аталған ғылымды мемлекеттік, бизнестік басқаруда, электронды қызмет ұсынуда тиімді түрде пайдаланып отыр.
«Елімізде оншақты компания халықаралық деңгейге сай деп айтуға келеді, қалғаны енді дамып келеді. Аталған нарықты жетілдіргіміз келсе, IT-парк құру — міндетіміз», — дейді Шахмардан Сейілов.