Ішкі істер министрлігі қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлесіп, аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген азаматты ұстады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында қолға түскен.
Ол ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша (адам өлтіру) күдікке алынған. Сонымен қатар онымен бірге бұрын хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да табылған. Қазіргі уақытта күдікті мен оның бұрын іздеуде болған әйелін Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, ағасы мен отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткен. 5 желтоқсанда полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс тіркеп, «адам өлтіру» бабы бойынша тергеу бастады.

