Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Рамазан-2026: дәрігер кеңесі, ауызашар дұғасы мен Қадір түні

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Не болды?

Бүгін, 19 ақпаннан бастап елімізде Рамазан айы басталды. Baribar.kz ораза тұтуға қатысты ең маңызды ақпаратты топтап, ұсынып отыр.

Қадір түні, Ораза айт қашан?

ҚМДБ қасиетті ай 2026 жылғы 19 ақпанда басталатынын хабарлаған.

Қадір түні — 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні. Дегенмен Қадір түні Рамазан айының соңғы 10 түнінің бірі болатынын да еске саламыз.

Рамазан айы 20 наурызда кіретін Ораза айтпен аяқталады.

Биылғы пітір садақа мөлшері — 735 теңге.

Еліміздің әр өңіріндегі ауызашар және сәресі уақытын мына жерден қарауға болады.

Ауызашар дұғасы

Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә ъәләйкә тәуәккәлту, уә ъәлә ризқикә әфтарту, фағфир ли мә қаддәмту уә мә аххарту».

Мағынасы мынадай: «Раббым Алла, Сен үшін ораза тұттым. Саған иман келтірдім. Саған тәуекел еттім және Сен нәсіп еткен ризықпен аузымды аштым. Менің өткен және кейінгі күнәларымды кешіре гөр».

Сәресідегі дұға

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Сәресіде не жеу керек?

Нутрициоло Меруерт Шахабаеваның айтуынша, сәресіде май, ақуыз, жасұнық көп болуы керек. Бастапқы 10 күнде тауық немесе үндік етін жеуге болады. Мысалы, алғашқы күні сәресіге үндік етін асып, жанына сүйек сорпасын әзірлеуге болады. Дастарханға ферменттелген қырыққабат қойыңыз, оның құрамында жасұнық бар.

Екінші күні майсөк – тарыны майға бұқтырып жасалатын танымал тағамды әзірлесеңіз болады. Бұл да – күрделі көмірсу, организмге өте пайдалы. Қияр турап жеңіз, оның құрамында жасұнық бар. Тауық немесе үндік етін пісіріңіз, оның құрамында ақуыз мол. Алғашқы күндері асып-тасып, бар дәмдіні дастарханға қоюдың қажеті жоқ.

Ауызашарда не жеген дұрыс?

Нутрицолог ауызашарда бір-екі стақан жылы су ішіп, құрма жеген соң бірнеше минут тынығып алу керек. Уақыт кіре салып, бірден тамақ ішуге болмайды. Құрма ішке түскен соң организмде глюкоза көтеріледі. Ал ішкен суымыз асқазанды созады. Бұл процесс бірнеше минут жүреді, мұны асқазанның дайындығы деуге болады.

Оразаның бірінші күні ауызаршарда жеңіл сорпа ішкен жөн. Бұл маш немесе нарын, орыс ұлтының ұлттық тағамы — қырыққабат сорпасы болуы мүмкін. Бұған қоса міндетті түрде ферменттелген қырыққабат жеген жөн. Бұл – іш қатуды болдырмайтын керемет өнім. Ораза ұстайдындардың көбінің дерті осы іш қатқаны ғой.

Ал екінші күні голубцы пісіруге болады. Жанына зәйтүн майы қосылған жеңіл салат дайындаңыз. Сонымен қатар жатар алдында ешкі йогуртын жеген жөн. Бұл асты жақсы қорытады. Күн өткен сайын мәзірді түрлендіріп, 10 күннен кейін қызыл етті де қоса беруге болады.

***

Тағы оқыңыз:

Рамазан айы туралы 15 сұрақтың жауабы

Exit mobile version