Шымкентте асханада түстенген әйел 8000 доллары бар сөмкесінен айырылып қалды

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Еңбекші полиция бөлімінің кезекшісіне қала тұрғыны арызданып келген. Ол қаладағы тамақтанатын орындардың бірінде сөмкесін ұмытып кеткенін айтқан. Ішінде 7700 АҚШ доллары мен 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар. Біршама уақыттан кейін қайтып келсе, сөмке жоқ.

Тергеушілер бұл фактіні Еңбекші полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеп, қылмысты іс қозғады. Ары қарай шұғыл қызметкерлер іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Тәртіп сақшылары ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына тиесілі көшедегі бейне-бақылау камераларындағы жазбаның көмегімен күдіктінің ізіне түсіп, ұстады. Ол 45 жастағы жұмыссыз қала тұрғыны болып шыққан.

Күдіктінің үйіне тінтіген полицейлер ұрланған ақшаны тауып, айғақ зат ретінде тәркіледі. Қолға түскен азамат «олжасының» 15 мыңдай теңгесін ғана жаратып үлгерген екен.

Ол азаматтаның айтуынша, сол асханадан бұл да тамақтаныпты. Қайтайын деген кезінде бос үстелдердің бірінде тұрған иесіз сөмкені көреді. Біреу келіп қалар деп, біраз күткенін айтады. Ешкім келмеген соң, сөмкені алып, үйіне қайтып кеткен. Ішіндегі ақшасын алған соң құжаттарды сөмкемен бірге қоқыс жәшігіне лақтырып жіберіпті.

Қазіргі таңда осы факті бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Дереккөзotyrar.kz