Қазақстан өңірлерінде «доңыз тұмауына» шалдыққандардың саны артуда

Алматыда H1N1 тұмауымен немесе «доңыз тұмауымен» ауырудың 10 жағдайы тіркелді, деп хабарлады қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдіжаббарова ҚазТАГ-қа.

«Иә, бізде 10 жағдай тіркелді, оның ішінде 7-уі ересектерде болса, 3-уі балалар. Барлығы да бақылауға алынды, егілді, асқынулар жоқ», — деді Қ.Әбдіжаббарова бейсенбіде агенттікке.

Сондай-ақ, ол аталмыш тұмаудың қаланың әртүрлі аудандарында тіркелгенін түсіндірді.

Бұл ретте, Қ.Әбдіжаббарова «қазіргі таңда H1N1-дің маусымдық тұмауға жататынын» еске салды. Оның ақпарынша, Алматыда тұрғындардың 10%-ы тұмауға қарсы екпе алған.

Сонымен қатар соңғы үш айда тұмауратқан 28 ақтөбеліктің ағзасынан H1N1 вирусы табылған деп хабарлады “Керек.info” тілшісіне Ақтөбе облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Күлара Омарова.

«Жұртшылыққа “доңыз тұмауы” деген атпен белгілі H1N109 вирусы Ақтөбе облысында да тіркелді. Яғни, тұмауратқан 28 ақтөбеліктің ағзасында осы вирус бар болып шыққан», — деді маман.

Еске сала кетсек, бұған дейін «доңыз тұмауынан» бір қазақстандық көз жұмған еді.

Дереккөзnur.kz