Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.
Аталған құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныс негізінде әзірленген.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Сонымен қатар «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы төрт бөлімнің атауы өзгертілген. Жалпы алғанда, Ата заңның барлық бөлімін қамтитын өзгерістер мен толықтырулар 77 бапқа енгізілген. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ы.
Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам. Олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады, – деді Конституциялық комиссия мүшесі.
Жиынтық жоба қазіргі уақытта білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Мамандар нормаларды дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сонымен қатар түсініксіз тұстарды болдырмау бағытында ауқымды жұмыс атқарған.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, ұсынылған конституциялық новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, елдің құқықтық келбетін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.
Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді, – деді ол.
Сонымен қатар жаңа бір палаталы парламент моделі енгізіліп, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен құқық үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметінің тиімділігі де артады.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер мемлекет миссиясын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге жол ашады әрі азаматтық қоғам институттарын елдік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға мүмкіндік береді.
