Не болды?
2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді. Оған Қазақстан құрамасынан 36 спортшы қатысады. Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлап отыр.
Мәлімет
2025-2026 жылғы нәтиже бойынша, қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары мына спорт түрлерінен қатысуға лицензия алды:
- фристайл-могул (Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко);
- фристайл-акробатика (Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас);
- биатлон (2 ер, 2 әйел — баратын спортшылар есімі ұлттық құрама бапкерлер кеңесінен кейін анықталады);
- тау шаңғысы спорты (Ростислав Хохлов, Александра Скороходова);
- шаңғы қоссайысы (Шыңғыс Ракпаров);
- шаңғы жарысы (Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина);
- шаңғымен тұғырдан секіру (Данил Васильев, Илья Мизерных);
- конькимен жүгіру спорты (Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко);
- шорт-трек (Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан);
- мәнерлеп сырғанау (Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина).
Алдағы уақытта халықаралық олимпиада комитеті қосымша жолдама беруі мүмкін. Олимпиада лицензиясына қатысты қорытынды ақпарат қаңтардың аяғында белгілі болады.
Анықтама
XXV қысқы олимпиада ойындары Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.
Контекст
Естеріңізге салайық, спорт додасын қазақ көрермен Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.
Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарында киетін формасын таныстырған еді.
Қазақстан құрамасы 2026 жылы Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарына тағы төрт жолдама иеленді.

