Әлихан Бөкейхановқа арналған алғашқы ескерткіш ашылады

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саясаттану ғылымдарының докторы Берік Әбдіғали мәлім етті.

«Биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай, еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар, конференциялар жүріп жатыр. Қызылорда облысы Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойды. Семейде биыл Әлихан Бөкейхановқа қоладан үлкен ескерткіш қою жоспарланып отыр. Естуімше, облыс әкімдігі қаражат бөліп, ескерктіш қоятын орынды белгілеп жатыр. Бұл Әлихан Бөкейхановқа арналған  Қазақстандағы тұңғыш үлкен ескерткіш болмақ», — деді Б. Әбдіғали.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.

Б. Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомында Алаш арыстарының өмірі мен қызметі фотодеректер арқылы көрсетілсе, Т.Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық жинағы архивтегі құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған.

ДереккөзInform.kz