Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Түркістан облысында әкесін ұрып-соққан ер адам 5 жылға сотталды

Видеоның скриншоты
Түркістан облысының Жетісай аудандық соты Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында тұратын 41 жастағы Алмас Садақбаевты бес жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл туралы Otyrar.kz хабарлап отыр.

Сот оны «Азаптау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген.

Қария қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сот-медициналық сараптама оның қабырғалары мен мұрнының сынғанын, сонымен қатар денесінің әртүрлі тұстарынан жара іздері бар екенін анықтады. Жарақаттардың бір бөлігі ескі болып, соққы бірнеше рет жасалғаны расталды. Алайда мәйіттің шіру кезеңінде сараптама жүргізілгендіктен, өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмаған.

Еске салайық, өткен жылдың күзінде әлеуметтік желілерде ер адамның мүгедек әкесін ұрып жатқан видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс туғызған. Тергеу барысында айыпталушы әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткені анықталған. Қорқынышты әрекеттерді көршілері жасырын видеоға түсіріп, мәйіт қайтыс болған соң жариялаған.

Exit mobile version