Заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі артады

Көше бойындағы ағашты бұталап немесе түбірінен араласаңыз көлемді айппұл төлейсіз.

Ағаш, тал кесу

Алматы орталығында мынадай жағдай жиі кездеседі: әсіресе жауын-шашын болып, дауыл тұрған сәттерде теректер теңселіп, қарағаштың бұтақтары құлап жатады. Бұл адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, ескірген ағаштарды дер кезінде кесу керек. Алайда ол үшін тиісті мекеменің рұқсаты қажет.

“Жаңадан қосылған териториялар бар. Сол аумақтағы адамдардың көбі біле бермейді. Осы былтырдан бері ауданда ағаш кесу азайды”, – дейді Мақсат Ескендіров, Медеу аудандық экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы.

Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі – 90 мың теңге. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндет. Бірақ мұндай талапты кейбір кәсіпкерлер елемейді.

“Ол айыппұл өте аз. Кәсіпкерлерді, заңсыз ағаш кесіп жатқандарды тоқтатпайды. Сондықтан да ол айыппұлдарды өзгерту керек. 10 есе көбейту керек деп ұсыныс бердік”, – дейді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Думан Қапасов.

Алматыда жыл сайын қалада 32 мың ағаш араланады. Қоғамдық кеңес айппұл көлемін артыру туралы ұсынысын қалалық мәслихатқа жолдаған. Оның жауабы осы айдың соңында белгілі болу керек.