Мерейтойлық шаралар Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Қайткенде адам қалады адам болып?..» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Мұнда батысқазақстандық әртістер кезінде Хадиша Бөкееваның өзі оқыған «Қайткенде адам қалады адам болып?..» атты монологы арқылы айтар ойларын шебер жеткізе білді.
Хадиша Бөкееваның жас, орта жастағы және кемеліне келген кезін Әйгерім Сағадетова, Нұргүл Жұбатова, Гүлжан Шынтемір бейнелеп, аталған өлеңді кезек-кезек оқып, кеш мерейін арттырды. Жиналған жұртшылықты өңір басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов құттықтап, Хадиша Бөкеевадай сахна саңлағының есімі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Осы шараға арнайы келген Х.Бөкееваның шәкірттері, қазақтың «Қыз Жібегі мен Төлегені» атанып кеткен Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешева, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Хадиша Бөкеева» атты кітаптың авторы Сара Латиева естеліктерімен бөлісті. Олар Хадиша Бөкееваның классикалық шығармалар бойынша қойылған спектакльдерде драмалық, комедиялық және трагедиялық рөлдерді тамаша ойнап қана қоймай, көптеген талантты шәкірттер тәрбиелей білгендігін жеткізді. Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева сынды батысқазақстандық әншілер өз өнерлерін көрсетті.
Айта кетейік, Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған шаралар 18-19 мамыр күндері туған жері Қазталов ауданында жалғасады. Онда атақты өнер саңлағының мүсіні ашылып, фотокөрмеге қоса «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты театрландырылған қойылым көрермендер назарына ұсынылмақ. Сондай-ақ мерекелік концерт қойылып, ол ат бәйгесі, палуандар күресі сынды дала қызықтарына ұласпақ.