Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында...

Ақмола облысында ардагерлер ұйымының 30 жылдығы аталып өтілді

Айта кетейік, Кеңес дәуірінде, 1987 жылдың 21 наурызында соғыс және еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің мүддесін қорғау мақсатында құрылған ардагерлер ұйымы өткен отыз жылдың ішінде еліміздегі ең көпсанды іргелі ұйымға айналды. Бүгінде екі миллионнан астам адамды біріктіретін ұйым тек ардагерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру сияқты маңызды міндетті де абыроймен атқарып отыр. Ардагерлер еліміздің қоғамдық, мәдени, әлеуметтік өміріне де белсене қатысады.

Қарттар

Облыс басшысы Мәлік Мырзалин ардагерлерге арнаған құттықтау сөзінде Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі қалпына келтіру, тың игеру сияқты ауыр кезеңдерді бастан өткерген ардагерлеріміздің еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын дамытуға да сүбелі үлестерін қосқандығын айта келе, олардың еңбектері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Қарттар

Шара барысында бір топ ардагерлер мерейтойлық медальдармен және алғыс хатпен марапатталды. Марапатталғандардың арасында Бурабай ауданы Кенесары ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Алдабергенов, облыстық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының жетекшісі Бексұлтан Баймұтов, облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Майра Белан, Зеренді ауданы Шағалалы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қабыкен Қоңқаев сияқты қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсетіп жүрген ардагерлер бар.

Мәжілісте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл аймақ ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстары мен өткен тарихы жайлы жан-жақты баяндап берді.

Айталық, бұрынғы Көкшетау облыстық аргарелер кеңесін алғаш болып Социалистік Еңбек Ері Николай Нижников басқарса, Целиноград облысы ардагерлеріне Мұзафар Жұмағожин жетекшілік етіп, ұйымды құрып, негізін салды. Одан кейінгі жылдарда Иван Шендрик, Мағауия Исмағамбетова және Чапай Әбутәліпов сияқты танымал тұлғалар ұйым тізгінін қолға алып, жемісті жұмыс атқарды.

Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.