Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қандастардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан келген

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
2025 жылы 14 828 этникалық қазақ Қазақстанға оралып, қандас статусын алды. Ал 1991 жылдан бері тарихи отанына қайтып келген этникалық қазақтардың жалпы саны 1 миллион 162,9 мың адамға жетті.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері елге келген қандастардың:

  • 44,5%-ы – Өзбекстаннан,

  • 43,6%-ы – Қытайдан,

  • 4,1%-ы – Түрікменстаннан,

  • 3%-ы – Моңғолиядан,

  • 2,5%-ы – Ресейден,

  • 2,3%-ы – басқа елдерден қоныс аударған.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, қоныс аударған этникалық қазақтардың жас құрамы мынадай:

  • 57,4% – еңбекке қабілетті жастағылар,

  • 34% – еңбекке қабілетті жастан төмендер,

  • 8,6% – зейнет жасындағы азаматтар.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі:

  • 15% – жоғары білімді,

  • 27,6% – орта кәсіптік білімді,

  • 51,1% – жалпы орта білімді,

  • 6,3% – білімі жоқ.

Қандастар еліміздің әртүрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен қатар еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.

Министрлік дерегінше, 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адам болды. Ал 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 218 қандас көшіп барған. Аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда:

  • көшуге арналған біржолғы субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге);

  • тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеуге – бір жыл ішінде 15–30 АЕК (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін).

Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, соның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшетін азаматтарды жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілерді қолдау шаралары енгізілді. Оның аясында тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50%-ын немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейін мөлшерді қамтиды және қайтарымсыз, өтеусіз негізде ұсынылады.

Exit mobile version