«Егемен Қазақстан» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы үшін конкурсқа қатысу ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1.1. Байқауды ұйымдастырушы – «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ. Орналасқан мекенжайы: Астана қаласы, 010000, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі 5/13.
1.2. «Егемен Қазақстан» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы үшін конкурс жылына бір рет, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында – 15-18 мамыр аралығында жарияланады.
1.3. Конкурсқа 18 бен 35 жас аралығындағы журналистер қатыса алады.
1.4. Үміткерлердің материалдары конкурс жарияланған күннен бастап, 1 ай мерзім ішінде қабылданады.
1.5. Конкурстың тақырыбы жыл сайын өзгеріп тұрады және оны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ редакция алқасы бекітеді.
1.6. Конкурсқа келіп түскен материалдарды «Егемен Қазақстан» газетінің редакция алқасынан құралған комиссия (бұдан әрі – конкурстық комиссия) бағалайды.
2. Конкурсқа қатысу шарты
2.1. Конкурсқа «Егемен Қазақстан» газетінде және egemen.kz сайтында жарияланған хабарландыруда ұсынылған тақырыпқа сәйкес келетін тақырып аясында жазылған және «Егеменнің жүлдесі үшін конкурсқа» деген айдар қойылған материалдар қабылданады. «Егемен Қазақстан» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы 2017 жылы «Туған жер: көне тарихтың көмбесі» деген тақырып аясындағы 3 номинация бойынша – «Үздік танымдық материал», «Үздік журналистік зерттеу» және «Үздік фоторепортаж» үшін жарияланады. Үміткерлердің мақалалары туған жер, киелі орындар мен көрікті мекендер тақырыбын қамтып, тарихи-танымдық тұрғыдан жазылуы немесе өзекті мәселелерді қозғауы тиіс.
2.2. Конкурсқа арналған материалдар Times New Roman 14 шрифтімен 1,5 интервалында жазылып, көлемі 3,5 беттен аспауы тиіс. Сапалы суреттерімен қоса жіберуге болады.
2.3. Конкурсқа жіберілген материал мен суреттер бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған болуы тиіс. Бұл орайдағы жауапкершілік авторға жүктеледі.
2.4. Конкурсқа арналған материалдар [email protected] электронды байланыс желісіне «Егеменнің жүлдесі үшін конкурсқа» деген айдармен жіберілуі қажет.
3. Конкурс қорытындысы
3.1. Конкурстық комиссия конкурс қорытындысын материал қабылдау аяқталған күннен бастап, 1 (бір) апта ішінде шығаруға міндетті.
3.2. Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, «Үздік танымдық материал», «Үздік журналистік зерттеу» және «Үздік фоторепортаж» деп танылған материалдардың авторлары марапаттауға ұсынылады. Олардың әрқайсысына арнайы кәдесый және 200 000 (екі жүз мың) теңге ақшалай сыйлық тапсырылады; Қосымша ынталандыру сыйлығы Конкурстық комиссияның ұсынысымен тағайындалуы мүмкін.
3.3. Конкурс жеңімпаздары журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында марапатталады. Марапаттау рәсімі өтетін орын қосымша жарияланады.