Тимур Құлыбаев айтуынша, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін толғандыратын басты мәселелерге ерекше мән беріп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметпен бірге мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функциясына тексеру жүргізу жұмысын бастадық. Жалпы республика бойынша 61 мекеме бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда. Алдын ала талдау нәтижесі аталған мекемелердің түрлі салада 512 бақылау функциясын атқаратындығы мен 28 мың тексеру талабын қоятыны белгілі болды. Осы 28 мың талаптың 11 мыңы санитарлық ережелер мен нормалар. Тексеру барысында 8 мың талапты мүлдем алып тастауға болатыны анықталды. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін жалғасады және бақылау-қадағалау функциясының жартысынан көбі қысқартылады», – деді Тимур Құлыбаев.
Тексеру жүргізу нәтижесінде рұқсат беру құжаттарының саны 1115-тен 316 құжатқа дейін азайды, яғни шамамен 2/3 бөлігі қысқарған.
«Атамекен» басшысы мемлекеттік сатып алуларға қатысты отандық өндірушілерге қолдау көрсету мәселесіне тоқтала отырып, осы сұраққа басымдық беруді облыс басшылығының назарына ұсынды.
«Отандық өндірушілер сапалы өнім мен қызмет түрін шығаратын болса, онда компанияны барынша қолдау қажет. Сонымен қатар техникалық құжатты жасауда да қолдау көрсеткен жөн. Елімізде сапалы кірпіш жасаса, онда өнімді сырттан тасымалдаудың не қажеті бар?» – деді Төралқа Төрағасы.