«Бiрiншiден, бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы мөлшерiн 20 пайызға арттыру көзделiп отыр. Жәрдемақының мөлшерi бiрiншi, екiншi, үшiншi балаға 31,41 айлық есептiк көрсеткiштен (АЕК) 38 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн, ал төртiншi және одан көп балаға 52,35 АЕК-тен 63 АЕК-ке дейiн артатын болады. Елiмiзде жылына 400 мыңдай бала туатынын ескерсек, шамамен 300 мыңнан астам отбасы арттырылған мөлшерде жәрдемақы алады. Нәтижесiнде 2017 жылы жәрдемақының мөлшерi өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқалы отыр», — дедi министр Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, бұған дейiн БАҚ-та 2017 жылдың 1 шiлдесiнен бастап балаларға төленетiн жәрдемақы көлемi артатыны туралы хабарланған болатын. Қазіргі уақытта 1, 2, 3-шi балаларға 66 мың 621 теңге төленсе, 1 шiлдеден бастап бұл сома 86 мың теңгеге жетеді. Ал 4-шi және одан көп балаға 111 мың 135 теңге төленсе, 1 шiлдеден бастап 142 мың теңгеден артық төленедi.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, заң жобасын iске асыру үшiн республикалық бюджеттi нақтылау кезiнде 2017 жылы қосымша 81,6 млрд теңге қарастырылды. Жобаны жүзеге асыру үшiн 11 заңға, оның iшiнде Зейнетақы туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу көзделген.