Алматыда былтыр 13 мыңнан аса адам мемлекеттен тегін заң көмегін алған. Бұл үшін бюджеттен шамамен 370 миллион теңге бөлінген. Бұл қызметтер қай санаттағы азаматтарға қалай көрсетіледі? Бұл сұраққа Алматы қаласы «Құқықтық қорғау және заңды қызмет көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының төрағасы Олжас Әлімов жауап береді. Заңгердің жауабыр Республикалық заң консультанттар алқасы жариялап отыр.
Азаматтардың бұл санатына аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, зорлық-зомбылық көргендер және басқа да осал топтар кіреді. Оларға құжат дайындау және сот ісін жүргізуге арналған заңгер қызметімен қоса, заңгердің кеңесі де беріледі.
2018 жылы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң қабылданды. Бұл заң көмегі жүйесіне қандай өзгерістер әкелді?
2018 жылы осы заң қабылданып, Қазақстанның құқықтық жүйесінің дамуына әсер етті. Онда заң үстемдігі, заңгерлер мен адвокаттардың тәуелсіздігі, клиенттердің құқықтарын құрметтеу және кәсіби этика қағидаттарын сақтау сияқты заң көмегі қағидаттары белгіленді. «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң енген соң, адвокаттық қызметтен бөлек, заң кеңесшісі деген ұғым пайда болды. Заң кеңесшісі – жоғары заң білімі бар, заң кеңесшілері палатасына мүше әрі заңгерлік қызмет көрсететін маман.
Бұдан біз заң мамандарының көрсететін қызмет ауқымы кеңейгенін аңғарамыз. 2025 жылы президент бұл заңға түзетулер енгізіп, қол қойды. Содан бері заң кеңесшілеріне әкімшілік іс жүргізуге қатысуға құқық берілді. Мен заң қабылданып, заң кеңесшілері институтын енгізу заңгер қызметінің ауқымын кеңейтіп, оларға халықтың қолы жететіндей мүмкіндік әкелді деп санаймын.
Конституция қабылданғаннан бергі 30 жыл ішінде азаматтарға заңгерлік көмек беру жүйесі қалай өзгерді? Қандай негізгі реформалар жүзеге асты?
Конституциямыз күшіне енгелі 30 жыл ішінде азаматтарға арналған заңгерлік көмек жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ел дамуы да алға басты, адам құқықтарын қорғау жүйесі де халықаралық стандарттарға сай бола бастады. Конституция қабылданғалы адамдардың әділетке қол жеткізуі жақсара түсті. Азаматтардың құқығын қорғау жұмысын алға жылжыту үшін адвокатура тұжырымдамасы іске асты. Осылай, өзі би, өзі қожа бола алатын адвокатура мамандығының тұтастай дамуына негіз қалады. 2018 жылы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң еніп, заң көмегін беретін заң мамандары арта түсті. Заң көмегін ұйымдастыру мен дамыту мемлекет арқылы жүзеге асты. Ақылы қызметті төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға осылай тегін көмек беріліп келеді.
Қазіргі кезде заң факультеті бар барлық университетте заң клиникалары құрылып жатыр. Ол жерде оқытушылар, тәжірибелі заңгерлер халыққа заң тұрғысынан жәрдем береді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар мен цифрландыру енгеннің арқасында бүкіл заң көмегі секторының жұмысы алға жылжи бастады. E-otinish, сот залы сияқты платформалар енді құжаттарды оңай тапсыруға мүмкіндік береді.
Медиация бүгінде түрлі дауды шешудің танымал әдісі айналып барады. Оны дамыту үшін не жасалып жатыр?
Медиация – дауды сотқа жеткізбей әрі тәуелсіз шешетін институт. Мұндағы мақсаттың бірі – сот жүйесіне түсетін ауыртпалықты азайту. Қазіргі уақытта медиацияны дамыту арқылы медиаторлардың машығын жетілдіруге мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде дау-дамайлар сот қатыспай-ақ немесе оларға талап-арыз түспей-ақ реттеледі. Демек, мәселе әрі қарай ушықпай тұрып және көп шығынға ұшырамай шешіледі.
Халық заңгер қызметін алуына цифрландыру қалай әсер етіп жатыр?
Цифрландыру жүйесі қазіргі кезде заң көмегін дамытуға ерекше үлес қосып жатыр. Өйткені «Сот кабинеті» сияқты платформалар белгілі бір құжаттарды тапсыру процесін мамандарымыз үшін ғана емес, халық үшін де жеңілдетеді. Кез келген азамат бұл платформада арыз-шағым секілді құжаттарды тегін пайдалана алады.
Бүгінде қоғамда түрлі проблема бар. Ал E-otinish платформасы мұны кедергісіз шешуге көмектесетінін айтып өтейін. Қазақстан азаматы ретінде бұл әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған шынымен маңызды қадам деп санаймын.
Қазақстандағы заңгерлік көмек жүйесін жетілдіру үшін тағы қандай заңнамалық өзгерістер қажет?
Заңнамалық жүйемізді жетілдіру үшін адвокаттық және заңгерлік кеңесшілер жүйесін бөлек дамыту керек деп санаймын. Барлық салада халыққа тегін заңгерлік көмек беру қажет деп білемін. Осылай, халқымыз мемлекетке сенім арта алады.
