Не болды?
Ирландия астанасы Даблинде 12–22 қараша аралығында XIII Silk Road International Film Festival, яғни «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалі өтті. Кинофестивальде актер Ерлан Төлеутай «Үздік актер» болды. Бұл туралы Kazakhcinema хабарлап отыр.
Мәлімет
Ерлан Төлеутай режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» толықметражды көркем фильмінде бас рөлді сомдаған. Қараша айының басында Парижде «Франциядағы қазақ киноларының фестивалі» өткен еді. Бұл фестивальде де қазылар алқасы «Үздік актер» сыйлығын дәл осы фильмдегі рөлі үшін Ерлан Төлеутайға табыстаған.
«Әбіл» фильмі мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.
Анықтама
«Жібек жолы» халықаралық кинофестивалі биыл дәстүрлі түрде 13-рет ұйымдастырылған. Мәдени іс-шараға көрермендер әлемнің әр түкпірінен жиылған. Фестиваль Тринити колледжінде (Даблин) және тарихи United Arts Club алаңында өтті.
Ерлан Төлеутай — режиссер, әнші, композитор, ақын және өнертанушы. «Мәди» және «Қаз дауысты Қазыбек би» драмалық фильмдерінің режиссеры, «Жау жүрек мың бала» және «Алмас қылыш» сынды танымал фильмдердің редакторы.
«Әбіл» фильмі Кеңес одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түскен кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдарды суреттейді.

