«Жалпы орта білім алғаны жөніндегі аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі болатын түлектер кеші мектепте өтуі тиіс. Министрлік түлектерге арналған барлық шараларды мектеп қабырғасында ұйымдастыру керектігіне кеңес береді. Барша мектептерге түлектер кешін өткізу бойынша ұсыныстар жасалды. Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, қала мектептерінде ақша жинау шаралары жүріп жатқан жоқ»,-деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР БҒМ баспасөз хатшысы Арман Жүнісов.
Осы орайда ол мынадай мәлімдеме жасады: «2016-2017 оқу жылының басында республиканың барлық мектебінде, соның ішінде Астана мектептерінде қаражат жинауға тыйым салу туралы бұйрық шықты. Бұл бұйрықты барлық мектеп жетекшілері мен мұғалімдер орындауы тиіс. Бұл бұйрықты орындамағандар әкімшілік жазаға тартылады».
Арман Жүнісовтің айтуынша, мектептерде ақша жинау дерегі анықталған жағдайда Білім және ғылым министрлігіне хабарласу керек.
«Баспасөз қызметіне, бізге хат жазуыңызға немесе телефон соғуыңызға болады. Қаланың, аудандардың білім басқармаларына хабарласып, осындай дерек тіркелген жағдайда, айналысамыз», — деді ведомство өкілі.