Сағаттап ойын ойнаса да, қатып немесе қызып кетпейді. 3D графика бірден өңделеді, монтаж тез істеледі, бірнеше ауыр бағдарлама қатар қолданса да, баяуламайды. ASUS-тың жаңа үш құрылғысы — ROG Xbox Ally X, ROG Strix SCAR G18 және ойын компьютері ROG G700-дің дәл осындай мүмкіндіктері бар. Baribar.kz әр құрылғымен танысып, бас артықшылықтарын шолып шықты.
ROG Xbox Ally X
ROG Xbox Ally X консолі арқылы кез келген жерде, кез келген уақытта сағаттап ойын ойнап, стрим жүргізуге болады. Өйткені, біріншіден, құрылғы кішкентай әрі жеңіл. Мұндай консольді жаныңда алып жүрген, ұстаған ыңғайлы, қолың да талып кетпейді. Тіпті, әуежайда рейс күткенде ойын ойнап, ұшаққа мінерде оны қол жүгіне салып, кейін ұшақ ішінде ойынды қайта жалғастыруға болады.
Екіншіден, бір қарағанда портатив консоль ойыншық сияқты көрінгенімен, «ауыр» ойындарды оп-оңай көтереді. Себебі оның процессоры – AMD Ryzen™ AI Z2 Extreme, видеокартасы – AMD Radeon. Жедел жады – 24 ГБ LPDDR5X-8000, SSD дискісі – 1 ТБ SSD PCIe 4.0 NVMe.
Оған қоса үйіңіздегі компьютер не ноутбуктағы ойындарды жалғастырып ойнай аласыз. Өйткені ROG Xbox Ally X-ді ASUS пен Xbox бірлесіп жасаған. Соның нәтижесінде үйде, кеңседе басқа құрылғыңыз арқылы Xbox Game Pass жазылымындағы ойнаған ойыныңызды, жолда ROG Xbox Ally X арқылы жалғастыра аласыз. Интернет жоқ жерде ойындарды құрылғыға жүктеп алуға болады.
Консоль экраны – 7 дюйм, сенсор. Одан бейне, кадр, сурет Full HD сапада көрінеді. Жиілігі – 120 Гц. FreeSync Premium технологиясы бойынша жасалған.
FreeSync Premium экран мен видеокарта арасындағы синхронды ұстап тұрады, сондықтан бейне тегіс және біркелкі қозғалады. Ойындағы кейіпкерлер секіріп, кадрлар жыпылықтап, ойын сәті бұзылмайды. Оған қоса консоль экранынан жарық аз жерде немесе тым көп жерде барлық бейне, түс анық, қанық көрінеді. Экран үшін Corning Gorilla Glass әйнегі қолданылған. Бұл консоль экраны тез сырылып, бүлініп кетпейді деген сөз. Саусақты да бірден сезеді.
ROG Xbox Ally X кәдімгі геймпадқа ұқсайды. Батырмалары көп және ойынды толық басқаруға мүмкіндік береді. Мәселен, A, B, X, Y батырмалары ойын кезінде әрекет етуге арналған. Сол жақтағы D-pad навигация үшін қолданылады. Құрылғының өзінде екі жойстик бар: сол жақтағысы кейіпкерді қозғалтады, оң жақтағысы көріністі айналдырады. Жоғары жағындағы LB, RB және LT, RT батырмалары геймпадтағыдай істейді. Ортадағы Xbox батырмасы Game Bar жазылымын ашып, қолданбаларды, ойындарды ауыстыруға көмектеседі.
Command Centre, Menu, View, Library батырмалары құрылғыны басқаруға арналған. Артқы жағындағы M1 және M2 батырмаларын өзіңіз баптай аласыз. Батырмаларды Armoury Crate SE арқылы өзгертуге болады, кейбірі курсорды басқаруға да жарайды.
Консоль арқылы ойын әлемін көріп, естіп, сезесің. Себебі Dolby Atmos технологиясы бойынша жасалған динамиктері ойынның әр сәтін жақсы жеткізеді: қозғалтқыштың үні, желдің шуы, қала қарбаласы – бәрі анық естіледі.
Консольдің діріл функциясы бар. Консоль ойында керек кезде дірілдеп, қолданушыға ойынның әлемін сезуге мүмкіндік береді.
ROG Xbox Ally X әрі консоль, әрі үлкен компьютер бола алады. Себебі оған графиканы жақсартатын сыртқы GPU док-станциясы қосылған. Бұған қоса, құрылғы Windows бойынша істеген соң, оған USB, HDMI және Ethernet порттары арқылы тышқан, пернетақта, монитор қосып, консольді толыққанды компьютерге айналдыруға болады. Құрылғының қуаты көпке – бес сағаттан астам уақытқа жетеді.
ROG Strix SCAR G18
ROG Strix SCAR G18 – қуатты, дизайны ерекше ноутбук. Оның сырт көрінісін, жанып тұратын корпустарын жасауға автожарыстар негіз болыпты. Ноутбук автожарыс жолағындағы көліктер сияқты жылдам әрі қуатты деген ойды жеткізгісі келгендей. Ноутбуктың асты да ерекше боп жанып тұрады. Дегенмен бұл құрылғы ойынға да, жұмысқа да, сабаққа да, контентке де арналған. Ойыннан басқа шаруамен айналысқанда жарығын өшіріп қоюға болады екен. Осылай, жарқ-жұрқ еткен ноутбук салмақты құрылғы боп шыға келеді.
Оны үйде, кофеханада немесе жолда – кез келген жерде қолдана аласыз. Салмағы – 3,3 келі. Жаныңда алып жүрген аса қиын емес.
Бұл ноутбук өте қуатты әрі жылдам: Intel® Core™ Ultra 9 процессоры мен NVIDIA® GeForce RTX 5090 видеокартасының күші кез келген ойын немесе ауыр бағдарлама үшін жетеді. Жедел жадысы – 64 ГБ, SSD дискісі – 2+2 ТБ. Бір уақытта бірнеше ойын немесе қосымшаны қолдансаңыз да, ноутбук қатып қалмайды. Dolby Atmos және Smart AMP технологиялары арқылы жасалған аудиожүйесінен дыбыс жақсы естіледі. Сондықтан ойынды еркін ойнап, подкаст тыңдап, видеомонтаж жасауға болады.
Қысқасы, ноутбук тек ойынсүйер қауымға емес, түрлі күрделі бағдарламаны қолданатын режиссер, мобилограф, дизайнер, журналист, ІТ маманы, аналитик, суретші сияқты мамандарға да, ауыр бағдарламаларды қолданатын студенттерге де тиімді болмақ.
Экраны – 18 дюйм, дисплейі – ROG Nebula HDR Mini LED, түс гаммасы – 100% DCI-P3, жиілігі – 240 Гц /3 мс. Бұл экраннан бейне, кескін өте сапалы (2,5К), жарық, тұнық, анық болып көрінеді. Сондықтан қараңғы бөлмеде де, таңғы уақытта теңіз жағасында да, тау-таста да қолданған қолайлы.
Ноутбуктың үш желдеткіші бар: екеуі негізгі компоненттерді, біреуі видеокартаны суытып отырады. Ал шаң сүзгілері құрылғыны таза ұстайды. Сондықтан ұзақ ойнасаңыз да, ноутбук қызып кетпейді.
Бұл ноутбукты сатып алғандар оны ұзақ қолданатыны анық. Себебі біріншіден оның панелін өз бетімен оңай ашып, ішін жөндеп, тазалап, қайта жаба алады. Оған ешқандай маманның не қосымша құралдың қажеті жоқ.
Екіншіден, қазір ТМД елдерінде осы ноутбукты сатып алып жатқандарға ASUS Perfect Warranty қосымша кепілдік беріліп жатыр. Демек, қолданушы абайсызда ноутбугын құлатып, соғып алса немесе су төгіп алса, басқа да себептерден бұзып алса, осы кепілдік арқылы тегін жөндете алады.
ROG G700
ROG G700 ойын компьютері – өнімділігі жоғары, қуатты компьютер. Бірден көзге түсетіні – сырт көрінісі. Құрылғының корпусы әйнектен жасалған, алдынан және бүйірінен ішкі компоненттері толық көрініп тұрады. Бұл ішін зерттеп, не бар-жоғын білгісі келетіндерге ерекше ұнайтыны анық. RGB жарықтары да жанып, құрылғының дизайнын заманауи әрі ерекше етеді. Қысқасы, іші-сырты толық көрініп тұрған соң, «сырты бүтін, іші түтін» болмайды.
Құрылғының процессоры миы, ал видеокартасы бұлшықеті іспеттес. Осы адам ағзалары сияқты маңызды рөл атқарады. ROG G700 моделінің Windows 11 Pro жүйесі бойынша істейді. Процессоры – Intel® Core™ Ultra 9 285К-ға дейін. Видеокартасы – NVIDIA® GeForce RTX™ 5090-ға дейін. Жедел жады – 64 Гб-ға дейін. Қуат көзі – 1000 Вт. Осы компьютер арқылы көп ресурсты қажет ететін ААА деңгейіндегі ойындарды ойнаса да, арнайы бағдарлама арқылы 3D графика, монтаж, рендериң жасаса да, қатпай, жоғары сапада, біркелкі істейді. Тіпті, бір уақытта бірнеше қолданбаны іске қосса да, құрылғының «ағзасы» бәрін көтереді.
ROG G700 ойын компьютері өмірін ұзартатын өкпесі, яғни желдеткіштері мықты. Компания ауыр-ауыр тапсырмаларды орындайтын құрылғыға мықты салқындату жүйесі керек екенін жақсы түсінеді. Сондықтан жаңа моделіне салқындату жүйесін қосқан, төрт желдеткіш орнатыпты. Сөйтіп, компьютер ыстық ауаны лезде сыртқа шығарып, салқын ауаны ішкі кіргізіп, құрылғы қызып кетпейді. Желдеткіштің дыбысы да қатты шықпайды. Бұған ерекше мән беріліпті. Айтпақшы, құрылғыға ауадан бөлек, шаң-тозаң да түседі. Сондықтан құрылғыға шаң сүзгілері орнатылған.
ROG G700 ойын компьютері ешқандай арнайы құрал қолданбай-ақ, өз бетіңмен ашып, шашып, жөндеп, қайта жинауға болады. Бұл өз құрылғысын жіті зерттеп, жинап, тазалағанды жақсы көретіндерге ұнауы мүмкін. ROG G700 ойын компьютері шаң сүзгілері де оп-оңай алынып-салынады. Соның арқасында құрылғыны дер кезінде жөнге келтіріп, ұзақ қолдана аласыз.
Қорытындыласақ, бұл үш жаңа модельдің мынадай артықшылығы бар:
- өте қуатты әрі сәнді;
- кез келген жерде тасып жүруге болады;
- ойын әлемін толық сезінуге мүмкіндік береді;
- бірнеше мақсатта қолдануға болады: ойын, жұмыс, контент, сабақ және тағы басқа;
- экраны сапалы;
- әрқайсының қосымша бірегей мүмкіндігі бар;
- құрылғыларды өз бетіңмен ашып, жөндеп, жабуға болады;
- желдеткіштері өте мықты.

