Оралмандар мен әскери қызметкерлер тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында мемлекеттік қор баспанасы кезегінде тұрған репатрианттарды кезектен алып тастау ұсынылғанын айтты.

«Біз бірнеше мәрте ұсыныс жасадық және сол пікірде қаламыз, аталған категорияны кезектен алып тастау қажет. Біздің ұсынысымыз қазір үкіметте қызу талқыланып жатыр», — деді Руслан Ахметов.

Оның айтуынша, егер адам мемлекеттік қордан бір мәрте пәтер алған болса, оның тағы бір баспана алуына шектеу қою керек.

Сондай-ақ, өңірлердің біріне квотамен келген оралмандар баспананың орнына ақшалай өтемақы алады да, Астанаға қоныс аударып, тұрғын үйге кезекке тұрады екен. Ал оның өтемақы алғаны деректер базасына тіркелмейтін көрінеді.

Енді кезекке тұрар кезде тұрғын үй басқармасы бірінші кезекте елордадағы үш жылдық тіркелуді және еліміз аумағында баспанасының бар-жоғын тексереді.

Сонымен бірге, баспана тізімінен әскери қызметшілерді алып тастау мәселесі де тұр. Оларға несиелеудің жеңілдікті шарттары ойластырылып, бөлек кезекке тұрғызылады.

Осылайша басқарма мамандары кезекте тұрған адамдардың санын екі есе азайтпақ.

ДереккөзElorda.info