Ақтөбе облысындағы жол апатының себептерін тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының маңында болған жол-көлік оқиғасының себептерін анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылған.
Комиссия жұмысты дереу бастау, жол апатының себептерін жан-жақты тексеріп, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына алғашқы көмек көрсету керек.
Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді. Оның құрамына ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінің жетекшілері, сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығы енді. Комиссияның негізгі міндеті – оқиғаға қатысты барлық мән-жайды мұқият зерттеп, тиісті шаралар қабылдау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ұсыныстар әзірлеу.
Еске салайық, 23 қазан күні «Самара–Шымкент» автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» жолаушылар көлігі бір-біріне соғылып, 12 адам қаза болды.
Ақтөбеде жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды.

