Рейтингті құрастыру кезінде мемлекеттің ашықтығы, инфрақұрылымның және әуе қатынастарының даму деңгейі, табиғи және мәдени көрнекі жерлері, қауіпсіздігі сияқты критерийлер ескерілді.
Сонымен, зерттеу нәтижелеріне сәйкес 2017 жыл бойынша туристік саласы жақсы дамыған ел – Испания деп танылды. Одан кейінгі орындарға Франция мен Германия жайғасты. Сонымен қатар, топ-10 елдің қатарына Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Италия, Канада және Швейцария енді.
Ресей бұл тізімде 43-орынға, ал Қазақстан 81-орынға жайғасты. Айта кететін жайт, Ресей «денсаулық және гигиена» бойынша 5-ші, ал демалысқа кететін қаражат бойынша 11-ші орынды иеленді.
Сонымен қатар, әлемнің әсем табиғатқа ие 136 елі бойынша рейтинг жасалды. Рейтинг жасау барысында елдерде мекендейтін жануарлардың, өсімдіктердің, табиғи қорық аймақтарының, экологиялық өңірлерінің және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы объектілерінің саны ескерілген.
Бұл көрсеткіш бойынша Бразилия көш бастап тұр. Одан кейінгі орындар Мексика мен Коста-Рикаға тиесілі. Топ-10 елдердің қатарынан Перу, Қытай, Аустралия, Таиланд, Танзания, Испания және АҚШ-ты көруге болады.
Көршілес елдерден Ресей 39-шы, Тәжікстан 80-ші, Украина 115-ші орындарды иеленеді.
Ал, Қазақстан бұл тізімде 92-ші орынға тұрақтады.