Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«ЖИ-мен емес, мимен жаз». Балалар басылымдары жасанды интеллектіні қалай қолданып жүр?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газеті Алматыдан шығады. Басылым қызметкерлері мен жас авторлары мақала дайындағанда жасанды интеллект құралдарын сәтті қолданып жүр.
Baribar.kz тілшісі екі басылымның редакторларымен әңгімелесіп қайтты.

«Оқушыларды әуелі жазуға емес, ойлануға үйретеміз»

«Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова жасанды интеллект қазақша пунктуация, грамматика жағынан қатесіз жазатынын айтып отыр. Дегенмен жас тілшілер өзі жазып үйренгені дұрыс дейді.

Жадыра Нармаханова. Фотоны өзі ұсынды

Жас авторлар әуелі жазуды емес, ойлануды үйренсе дейміз. Сол үшін үнемі сторителлиң әдісін қолдануға, оқиғасын баяндап жазуға үндейміз. Редакция қызметкерлеріне жасанды интеллект жазған мәтін мен адамның жүрегінен шыққан жазбаның айырмасы бірден сезіледі. Жас тілшілерге әрдайым: «ЖИ-мен емес, мимен жаз!» деп кеңес береміз», – дейді Жадыра Нармаханова.

«Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы да әріптесінің пікіріне қосылады. Редакция қызметкерлері мақалалардың грамматикалық қатесін түзеу үшін ЖИ қолданады. Ал оқушылардың мақаласы ЖИ арқылы жазылғанын анықтайтын тәсілдер бар.

Балжан Мұратқызы. Фотоны өзі ұсынды

Әдетте оқушылар жазған мақаланы өңдейміз, кейде негізгі ойын қалдырып, мәтінін қайта жазып шығамыз. Ал ЖИ арқылы жазылған мақалалардың мұртын бұза алмайсың. ЖИ жазған мәтін мінсіз, оқушы деңгейінен асып кетеді. Жұп-жұмыр мәтінді оқығанда «бұлай жазуы мүмкін емес» деген скептикалық ой тұрады. Мұндайда әуелі антиплагиат бағдарламаға салып, мәтіннің бұрын жарияланып-жарияланбағанын тексеріп аламыз, – дейді Балжан Мұратқызы.

ЖИ туралы әңгіме шыққалы бері бұл тақырып «Ақ желкенде» жиі жазылып жүр. Жаһандану дәуірінде жасанды интеллект жаппай қолданылып жатқандықтан, журналда ЖИ-ді айыптайтын мақалалар жазыла бермейді.

Алайда жақында редакциямызға хат жазған бір оқушы «ЖИ пайда болғалы оқушылар ойланудан қалды, шығарманы да соған жаздырып, есепті де соған шығартады. Бұл жақсы емес» деген ой айтты, — дейді бас редактор.

Жас авторлар жасанды интеллектіні қалай қолданып жүр?

«Ұлан» газетінде жасанды интеллект туралы мақалалар да, жасанды интеллект арқылы жазылған материалдар да жарияланады. Газеттің әлеуметтік желідегі постері мен иллюстрациялары ЖИ арқылы жасалады. Алайда тілшілер газетке жарияланатын мақалада автордың ойы мен оқиғасына мән береді.

Жақында газетке ЖИ арқылы дайындалған «Күз атасы қайда?» деген мақала шықты. Авторы – 11-класс оқушысы Ясмин Бейбітқызы. Автор: «Қыстың Аяз атасы бар, көктемде Қыдыр атаны күтеміз, ал күздің атасы қайда?» деген ой тастап, «Күз атаның» бейнесін ЖИ арқылы жасап көрген. Бас редактор мұндай ерекше идеяларды редакция қолдайтынын айтады.

«Ұлан» газетіне шыққан мақаланың скрині

Жасанды интеллектіні қалай қазақыландырамыз?

Кейінгі жылдары жасанды интеллект функциясы кадр қысқаруына әкеліп жатыр. Еліміздегі газет-журналдардың суретшісі мен фотографына арналған штаттар қысқарған. Алайда редакция қызметкерлері жасанды интеллект әлі де болса қазақы бейне жасауға қиналатынын айтады.

Жасанды интеллектіден қазақтың атасы, әжесі немесе баласының бейнесін салып беруді сұрасақ, көбіне жапон анимесіне не үнділерге ұқсатып салып береді, – дейді Жадыра Нармаханова.

Ал Балжан Мұратқызы журналдың мұқабасын да ЖИ арқылы жасайтынын айтады.

Редакцияда иллюстратор мен суретші жоқ, сондықтан мұқаба мен журналдағы иллюстрацияларды жасанды интеллект арқылы жасаймыз. Бұл – қажет әрі заман талабы. Жасанды интеллект дәуірінде өмір сүретіндіктен, оны тиімді қолдануымыз керек, – дейді ол.

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті «Қазақ газеттері» басылымдарымен бірге жаңа жоба бастады. Жобаның мақсаты – қазақ басылымдарының архивін цифрландырып, ЖИ арқылы қазақы контент қалыптастыру.

Қазір «Балдырған» журналының ғана кәсіби суретшісі бар. Жасанды интеллект жүйесін қазақыландыруда сол суретшінің туындылары қолданылады.

Жасанды интеллект қателесе ме?

Жадыра Нармаханованың айтуынша, қазақ тіліндегі жасанды интеллект құралдарды әлі де жетілдіру керек.

«Ұлан» газетіне шыққан мақаланың скрині

Жақында газетіміздің 95 жылдық мерейтойы болды. Жан-жақтан келген құттықтауларды ЖИ арқылы мәтінге айналдырайық деп едік, ешқайсы нәтиже бермеді. ЖИ кей сөздерді ойдан қосып, мағынасын өзгертіп жіберді. Мұндайда жасанды интеллект қолданбай, мәтінді қолмен теріп шыққан тиімді әрі сенімді екен, – дейді ол.

«Ұлан» редакциясы ЖИ-дің кем тұстарына қарамастан, оны қолданудан бас тартпайды. Керісінше, оны тиімді пайдаланып, шығармашылық процесті жеңілдету жолын іздейді.

Балалар басылымында ЖИ қажет ақпаратты тез тауып беріп, уақыт үнемдейді. Бас талап – құралды дұрыс пайдалану. Біз ЖИ қолданылған әр материалда «Сурет ЖИ арқылы салынды» деп көрсетіп отырамыз. Осылай, оқырмандар мен авторларды, жас тілшілерімізді қазірден адалдық пен әділдікке баулығымыз келеді, – дейді редактор.

Бір редакция жасанды интеллектіні иллюстрация мен дизайн жасату үшін, екіншісі идея іздеу үшін қолданады. Алайда екі басылымның ұстанымы бір — «ЖИ-мен емес, мимен жаз!» 

Дана Маратова

Exit mobile version