Не болды?
«Қайрат» ФК қақпашысы Темірлан Анарбеков ауруханадан шықты. Бұл туралы бапкер Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мәлімет
Қазір оның жақ сүйегіне қойылған фиксация бар. Алдағы күндері оны алып тастайды, содан кейін біртіндеп жаттығуға кірісе алады. Ең бастысы – орнатылған титан пластиналарының сіңісіп кетуі. Дәрігер оның оңалуы қалыпты жүріп жатқанын айтты, – дейді Уразбахтин.
Оның айтуынша, «Қайратың» негізгі қақпашысы Александр Заруцкий де бірнеше күннен кейін Темірланмен бірге жаттығуға кіріседі. Командадағы қазіргі қақпашы – Шерхан Қалмұрза.
Бапкер «Реалға» қарсы тарихи ойында қақпаны нақты кім қорғайтынын ашып айтпады.
Контекст
Естеріңізге сала кетейік, «Қайраттың» «Ақтөбеге» қарсы ойынында Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып, алаңды тастап кеткен болатын. Дәрігерлер UEFA Чемпиондар лигасында «Селтикке» қарсы ойында көзге түскен қақпашының жақ сүйегінің сынғанын анықтады.
Оның орнын кейін 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза басты. Ол 1:4 есебімен аяқталған «Спортиңге» қарсы матчта жаңа жұлдыз әрі қаһарман атанды.
«Қайрат» пен «Реал» матчының билеттері бір-ақ күнде сатылып кетті.

