Ақша туралы: Теңге, теңге, теңгелер…

АҚША ТЫНЫШТЫҚТЫ СҮЙЕДІ

Өзіңізді бір тексеріп көріңізші, ақша туралы қаншалықты жиі айтасыз? Оның жоқтығын айтып күрсінетін кезіңіз көп пе? Олай болса, сізде ақша болмайды. Өйткені, «менде ақша жоқ» деп өз-өзіңізді сендіріп қойғансыз. Керісінше, лотореядан елу мың ұтқаныңызды айтып мақтанасыз немесе сүйіктіңіздің пәлен ақшаға тон алып бергенін ортаға саласыз, немесе достарыңыздың түсіне де кірмеген жалақыны алатыныңызды айтып отырсыз ба? Тез тоқтаңыз!

Ешқашан алатын жалақыңыз туралы ешкімге айтпаңыз! Отбасыңыздың кірісі жайында ешқашан көпшілікте сөз қозғауға болмайды! Бұлай істейтін болсаңыз, ақшаңыздың энергиясын бұзасыз. Сол сізге қажет пе?!

Батыста бірінің жалақысы қанша екенін екінші адам сұрамайтыны кездейсоқтық емес. Достары мен таныстарынан бөлек, кейде бір шаңырақтың астында тұрып, әкесі-шешесі балаларыңың табысы жайында білмейтін де жағдайлар көп. «Қанша айлық аласың?» деген сұрақ қою әдепсіздікке жатады. Ал бізде мұндай жеке бастың құпиясы көпшіліктің назарында жүріп үйренген. Егер сізден айлығыңыз жайында екінші біреу сұрап қоймай жатса, төмен бағаны айта салыңыз. Одан ұтылмайтыныңыз анық.

НЕГЕ КІРІС КӨБЕЙМЕЙДІ?

Өз табысыңызды арттыру үшін бір әрекет жасаған шығарсыз. Бірақ неге екенін, табысыңыз еш өсетін емес? Сонша күш жұмсап, қаншама тер төксеңіз де, қалтадағы қаржы көлемі көбейген емес. Неге?

Өйткені, әр адамның қорықпай жұмсай алатын, өміріне қабылдай алатын ақшасының өз деңгейі бар.

Бір минутқа көз алдыңызға миллион доллар ұтып алғаныңызды елестетіңізші. Сол ақшаны сіз қайда жұмсар едіңіз? Қайда сақтар едіңіз? Үйде? Банкте? Қай банкте? Сол ақшаңызды ұрлатып алсаңыз, не істейсіз? Егер сол миллион өміріңізге қауіп төндірсе қайтесіз?

Міне, осындай ойлармен адам миллиондар кіретін есікті өзі жабады. Өйткені, мұнша көп ақшаны қабылдауға ол іштей дайын емес. Кейде күтпеген жерден сыйақы алып қалсақ, сол ақшаны бір күнде жұмсап тастаймыз. Соңынан «ақша деген су сияқты» деп таң қалатынымыз тағы бар. Басыңыздан осындай жағдай өтті ме? Бұл біздің сол ақшаны қалай ақылмен, дұрыс жұмсауды білмейтіміздің айғағы. Білмегендіктен, бұл қаражаттан тезірек құтылудың жолын іздейміз.

АҚШАНЫ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТУГЕ БОЛАДЫ?

Ақша өзінің жеке үйі (әмиян) болғанын қалайды. Қаншалықты сәнді, ыңғайлы, таза болса, соншалықты ақша да арта түспек. Егер әр мақсатқа арналған ақшаның жеке-жеке үйшігі болса, тіпті керемет. Күнделікті жұмсалатын ақша, шетелге жолдама алатын ақша, жаңа көлік сатып алатын ақша деген сияқты әр ақшаның өз үйшігі болған дұрыс. Мұндай жағдайда ақша жақсы жиналып, табыс көбейе түседі.

Байлық та, кедейлік те адамның қалтасында емес, басында. Ал қалта толып жүрсін десеңіз, мына бес қағиданы естен шығармаңыз:

  1. Ақша өзін жақсы көріп қана қоймай, оған деген махаббаттын көрсете алатын адамдарға көп келеді!
  2. Ақша энергиясына ұқыпты қараңыз!
  3. Алтындай жарқыраған денелерге табынып, ақшаға құнығып кетпеңіз!
  4. Тура ортаны ұстаңыз: ақшаны жақсы көріңіз, бірақ ол үшін жан беруге барудың қажеті жоқ.
  5. Ақша санағанды жақсы көреді. Жиі санап тұрыңыз!

Осы кеңестерді ұстансаңыз, қаржы қорыңыз қомпайып шығары сөзсіз!