Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Robolab командасы
RoboLab командасы @SZH.kz

RoboLab студенттер зертханасы 2016 жылы желтоқсан айында Алматы Технологиялық Унверситетінің ректоры Талғат Құралбекұлы Құлажановтың тікелей бастамасымен және инжиниринг жəне ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Еренова Бибіпатыма Ертаевнаның қолдауымен ашылды. Негізгі мақсаты — студенттерді ғылымға, робототехника, нанотехнология саласына қызықтырып, халыққа пайдалы жобаларды іске асыру. Командамыз автоматтандыру, механика, бағдарламалау саласынан хабары бар алты жігіттен жасақталды. Жай ғана топтаса салмадық, зертхана студенттерді тұтас университет бойынша қабілеттеріне, еңбекқорлығына қарай іріктеп, қабылдап алды. Қатарымызда 1-ден 4-курсқа дейінгі студенттер бар.

Қазіргі уақытта бірнеше жобаларды іске асырып жатырмыз. Сондай-ақ байқауларға да қатыстып үлгердік. Соның бірі — «IT планета» олимпиадасы. Краснояр қаласында өткен бәсекеге командамыздың мүшесі Алтынбек барып, жобаларымызды таныстырып келді. RoboLab командасы

Командамыздың бірлесіп атқарған жобасының бірі — BottleBox. Бұл — Алматы қаласында өзекті болып есептелінетін қоқыс мәселесін шешуге бағытталған жоба. Қалада қоқыс жәшіктері қаншалықты жиі орналасқанымен, олардың шашылып жатқанын байқаймыз. Арықтардың, жағалаулардың да қоқысқа толып жатуы ауаның ластануына, адамдардың денсаулығына кері әсер етеді. Негізі қоқыстарды қайта өңдеуге де болады. Осы саланы дамыта түсуге өз үлесімізді қосу мақсатында BottleВox жобасын ұсындық.

Жобаның аясында зерттеулер жүргіздік. Нәтижесінде мынадай мәліметтерге қол жеткіздік: Қазақстанда 100 млн тонна қалдықтар бар. Соның 1 млн тоннасы полиэтилен қалдықтары болып табылады. Ал бізде олардың тек 10-15%-ы ғана өңделеді.

Елімізде қоқыс мәселесін шешуге арналған бірнеше жобалар бар. Алайда олар бар болғанымен, нәтижесін бермей жатыр. Біз ұсынған BottleВox — қоқыс қабылдайтын жәшік. Оның жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Бос бөтелкені қабылдау терезесіне тастайсыз. Жәшікке салынғаннан кейін, бөтелкенің салмағы, көлемі есептеліп, сізге төленетін ақының мөлшері белгіленеді. Мысалы, 160 теңгеге сусын алсаңыз, соның 10-15 теңгесін бос бөтелкесін өткізу арқылы қайтарып аласыз. Бір уақытта бірнеше бөтелке өткізіп, сыйақыны жинап та алуыңызға болады. Оны «Оңай» картаңызға аурдарасыз немесе айырбастау чегіне алмастырасыз, яки қайырымдылық қорына аударуға болады.

RoboLab командасы
RoboLab командасының BottleBox жобасы.

Жәшік қоқысты қабылдап, нығыздап отырады. Сондай-ақ BottleВox-та күн энергиясынан қуат алатын батареялар бар. Сол арқылы ол өзіне заряд алады және кешкі уақытта көшені жарықтандыра алады. Экономикалық жағынан тиімділігін арттыру мақсатында, жәшік сыртына жарнама орналастыратын орын да қалдырдық.

Әзірге жобаның макеттік нұсқасы жасалды. Енді тек инвестор іздеудеміз. Қаламызда азаматтық қоғамды қалыптастырғымыз келеді. Сыйақы Алматы қаласында орналасқан полиэтилен қалдықтарын қабылдап, өңдейтін шағын цехтар, қалалық әкімдіктің және инвесторлардың қаржыландыруы арқылы тағайындалады.

Әлемде екі мемлекетте, АҚШ-та және Германияда ғана, бұл жобаның баламасы бар. Олардан ерекшелігі: «ақылды» жәшік күн энергиясынан қуат алып, қосымша пайда әкеледі. Бұл идея 2 жыл бұрын команда мүшесі Алтынбекке келді. Қалған құрастыру, технологиясын жасап шығуды командамызбен бірге атқардық. Университетіміз қолдау жасап, байқауларға қатысуымызға мүмкіндіктер ашып жатыр.

Robolab командасы
Robolab командасының жұмыстары @SZH.kz

Екінші жобамыз — AntiFire. Елімізде жыл сайын 20 мыңға жуық өрт апаты болады. Оның 70%-ы ауылды жерлерде орын алады. Зерттеу бойынша, ауылда 12 үй болса, соның тек екеуінде ғана өрт қауіпсіздігіне сай жабдық бар. Қазіргі уақытта қарапайым үйлерде өрттен сақтану құрылғыларының болмауының себебі мынада: біріншіден, құрылғы бағасының қолжетімсіздігі; екіншіден, мұны халықтың бейқамдылығымен де байланыстыруға болады.

AntiFire жобасының ерекшелігі

Біз ұсынған AntiFire аппаратында қажетті GSM моделі, сымсыз байланыс бар. Өрт апаты болса, дабыл қағылады және басты бір телефон номеріне қоңырау шалып, бірнеше номерге SMS жолдайды. Аппарат ішінде газ, түтін және өрт датчиктері бар. Өрт апатынан сақтайтын құрылғылардың көпшілігінде тек түтін датчигі ғана болады. Оларда газдан улану тәрізді апаттардың алды алынбаған. Ал біз AntiFire аппаратынының сезімталдығын жоғарылатып, үш датчик орнаттық. Орнатылуы жағынан да ыңғайлы. Аппарат сымсыз жұмыс істейді, яғни ешкімнің көмегінсіз оны өзіңіз орната аласыз.

Robolab командасы
RoboLab командасы @SZH.kz

Елімізде мұндай жобалар, аппараттар бар. Бірақ олар отандық өнім емес. Халықтан сауалнама алдық. Қорытынды бойынша, жоғарыда аталған жеңілдіктер мен артықшылықтарды қосуды шештік. AntiFire аппаратын өзіміз құрастырамыз. Бөлмелердің санына байланысты құрылғының бағасы әртүрлі болады. Өзімізің есептеуіміз бойынша, үш бөлмеге арналған аппарат бағасы 32 мың теңге болады.

Командадағы алты жігіт бірігіп, үлкен компания құрғымыз келеді. Әзірге шағын болса да, халыққа қажетті әрі пайдалы роботтарды құрастырып, тәжірибемізді, білімімізді шыңдап келеміз. Барлығымыз — ауыл мектебінің, орта мектептің түлектеріміз. Білімімізді интернеттегі ақпараттармен толықтырамыз. Университеттегі ұстаздарымыз барынша көмектеседі. Қазіргі уақытта Талғат Тұлбаев пен Ұлан Тұлпарбеков бағдармалаумен айналысады, Тимур Ибрагимов жобаның 3D моделін сызады, Никанұр Тойкулиев жобаның механикасымен, ал Алтынбек Нұрлықбек пен Нұржан Жұмахан — зерттеу бөлімінің ұйымдастырушылары. Болашағымызды робототехника саласымен байланыстырғымыз келеді. Әлемге танымал қазақ ғалымдары болуды мақсат етеміз.

Сұхбаттасқан  Ақжарқын Қыдырхановасуреттер Дана Маратова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

8 пікір

  1. Мынау күшті жаңалық қой! Қоқыс тастағанымыз үшін ақша берсе керемет екен

  2. Ондай кокыс жашигине ким акша куяр екен? Жай кокыс ушин акша толеу кимге тиимди дейсин?!

  3. Иә маған да керек еді! Қалай, кімнен аламыз?

  4. Міне АТУ-дың жігіттері осындай болады! Жарайсындар, жігіттер!

  5. AntiFire жобасы әлі сатылымға шықпады. Қазір жұмыс жасау үстіндеміз. Жақын арада отандық сатылымға шығады деген ойдамыз.

  6. Қабылданған пластик бөтелкелері қайта өңдеу зауытына жөнелтіледі, содан әрі пластиктен құрал-жабдық жасайтын зауыттарға сатылымға шығарылады. (ПЭТ материалы, тұрмыстық заттардың 40-50%-ында қолданылады). Осы процес арқылы бұл аппарат өзін-өзі ақтап қосымша табыс алып келеді және өмір сүріп отырған ортамыз, денсаулығымыз үшін өте пайдалы.

  7. Жараисындар жiгiтер сендерге сатлiк тлеимн

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!