Не болды?
Көлік министрлігі елдегі жеңіл авиацияға жоспардан тыс тексеріп, жеті әуе кемесін қолдануға тыйым салды.
Мәлімет
2025 жылғы 22 маусымда Астанада және 17 тамызда Ақмола облысында шағын ұшақтар құлаған еді. Содан кейін көлік министрлігі 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында елдегі жеңіл авиация саласын жоспардан тыс тексерген.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларының 31 әуе кемесін тексерді. Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілер талабы бұзылғаны анықтады. Нәтижесінде жеті әуе кемесінің қызметі бұзушылықты жойғанша тоқтатылды, — делінген авиация әкімшілігі хабарламасында.
Контекст
Естеріңізге сала кетейік, 22 маусымда Астана маңында TL-2000 жеңңіл ұшағы құлап, ұшқыш пен жолаушы қаза болған еді. Олар оқу-жаттығу үшін ұшқан болатын.
Ал 11 тамызда Ақмола облысында Aerostar R40F жеңіл әуе кемесі құлаған. Жеңіл ұшақта ұшқыш пен жолаушы болған. Жолаушы 43 жастағы Диана Ахметоваға балалары туған күніне жеңіл ұшақта ұшуға сертификат сыйлаған. Екеуі де қаза болды.