Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастауды тапсырды.
Оның айтуынша, 1 желтоқсанға дейін барлық өңірде әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандарты әзірленуге тиіс.
Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау қажет. Болды. Осы мәселеде нүкте қою керек. Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау. Ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылуы керек, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар премьер-министр әлеуметтік салада цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды. Оның ішінде биыл 1 қарашаға дейін әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылуға тиіс. Ал Әлеуметтік кодексте әлеуметтік аудит тетіктері бекітіледі.