Басты бетЖаңалықтарҮкімет негізгі салаларға 5 трлн теңгеден астам инвестиция құяды

Үкімет негізгі салаларға 5 трлн теңгеден астам инвестиция құяды

Қазақстан үкіметі экономиканы екі еселеу үшін негізгі салаларға ауқымды инвестиция салады. Қаражат ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктерден тартылады.

Бұл туралы үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеп отыр.

Министрдің айтуынша, басты мақсат – 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру. Осыған орай жаһандық бәсекеге қабілеттігі жоғары экспорттық өндірістерді дамытуға басымдық беріледі. Атап айтқанда:

  • автомобиль жасау;
  • теміржол машиналарын жасау;
  • химия және мұнай-химия өнеркәсібі;
  • сирек кездесетін металдарды өндіру арқылы минералдық-шикізат базасын толықтыру;
  • агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу.

Оның сөзіне қарағанда, аталған салаларда еңбек өнімдігі әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары және экономиканың серпінді өсуіне ықпал етеді.

«Инвестицияларға тапсырыс» жобаларының жалпы көлемі 5 триллион теңгеден асады. Жобаларды талдау, құрылымдау және инвесторларды тартумен «Бәйтерек» холдингі айналысады. Бұдан бөлек, ұлттық банкпен бірлесіп, 1 миллиард АҚШ долларына дейінгі бюджетпен жоғары технологиялық салаларды қолдауға бағытталған арнайы инвестициялық бағдарлама әзірленеді.