Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлерді алдаған күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды

Кәсіпкерлерді алдаған күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды

Алматы облысының аумағында бірқатар алаяқтық әрекеттер жасаған күдікті Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды.

Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.

Тергеу барысында 2019–2022 жылдар аралығында қаскүнемнің алдын ала сөз байласу арқылы өзге адамдармен бірге өңірдегі ең ірі азық-түлік базарларының бірінде сауда бутиктерін сату сылтауымен азаматтарды жүйелі түрде алдап келгені анықталды.

Алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде ол 11 кәсіпкердің жалпы 126 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген, — делінген хабарламада.

Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Қазақстан мен Қырғызстанның құзыретті органдарының өзара тиімді іс-қимылының нәтижесінде биылғы тамыз айында ол Бішкек қаласында ұсталды. Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының ресми сұрауы негізінде ол қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін белгіленген тәртіппен еліне экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық заңмен айыпталған әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.