Басты бетЖаңалықтарҮкімет: Қазақстанда білім мен ғылымға жаңа серпін беріліп жатыр

Үкімет: Қазақстанда білім мен ғылымға жаңа серпін беріліп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауындағы тапсырмаларын орындау аясында үкімет білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға басымдық беріп отыр.

Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 11,8 мыңға жетіп, онда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Жаңа балабақшалар ашудың нәтижесінде биыл екі–алты жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 95%-ға жетпек. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 232 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды оқыту мәселесі шешілмек.

Орта білім сапасын арттыру мақсатында 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылып, оқулықтардың барлығы электрондық форматқа көшірілуде. Мектептердің 90%-ы инклюзивті білім беруге бейімделген.

Жоғары білім саласында гранттар саны 50%-ға артып, биыл 93 мыңнан асты. Шәкіртақы көлемі де өсіп, бакалаврлар үшін 20%-ға, магистранттар мен докторанттар үшін 15%-ға көбейген. Сонымен қатар жатақханалар тапшылығы жойылып, студенттерге тұру шығындарын өтеу жүйесі енгізілді.

Ғылымды қолдау үшін қаржыландыру көлемі 3,3 есе артты. 2024 жылдың басынан бері ғалымдардың жалақысы өсті, ал халықаралық тағылымдамаларға 800-ден астам жас зерттеуші жіберілді. Үкімет 2025 жылға қарай бизнес пен ғылым арасындағы ортақ жобалардың үлесін 20%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар жасанды интеллектті жаппай оқытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы іске қосылып, 390 мыңнан астам студент курстан өтті. Қазақстан шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу арқылы өңірлік білім хабына айналуға қадам жасап жатыр.