Басты бетЖаңалықтарАлғаш рет. Оралда үйде жанжал шығарған ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды

Алғаш рет. Оралда үйде жанжал шығарған ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды

Не болды?

БҚО соты үйінде жанжал шығарған ер адамға қоғамдық жұмыс атқаратын жаза берді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Орал тұрғыны алкогольге мас болып, үйінде жанжал шығарған. Боқтап, айғайлап, әйелін қорқытқан. Ер адамның бұл әрекеті — отбасы тыныштығын бұзу және құрметсіздік деп бағаланған.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мынадай мән-жайды ескерді: ерлі-зайыпты татуласты, құқық бұзушы мен жәбірленушінің қоғамдық жұмысты жауапқа тартылудың әділ шешімі ретінде өз еркімен мақұлдады, – делінген БҚО соты хабарламасында.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жаңа жаза

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елімізде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жасалған түзетулер күшіне енді. Бұрын «отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер» (ҚӘК 73-бабы) үшін тек әкімшілік қамауға алу қарастырылатын, енді сотқа балама мүмкіндік берілді – қоғамдық жұмыс тағайындау.

4 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының соты осы норманы алғаш рет қолданып, құқық бұзушыға 40 сағат қоғамдық жұмыс жүктеді.